Сан-Сиро стадионының болашағы: Милан мен Интер ресми ұсыныс жасады
"Милан" мен "Интер" әйгілі "Сан-Сиро" стадионын және оған іргелес аумақтарды сатып алу туралы ресми ұсыныс енгізді. Клубтар бұл процесті 2025 жылдың шілдесіне дейін аяқтап, "Джузеппе Меацца" маңында жаңа стадион салуды жоспарлап отыр.
Итальяндық журналист Джанлука Ди Марционың мәліметінше, салық қызметі стадион аймағын 200 миллион еуроға бағалаған. Жаңа аренаның сыйымдылығы 71 500 адам болмақ, оның 13 000-ы VIP орындарға арналмақ. Құрылысқа 1 миллиард еуродан астам инвестиция қажет, ал жұмыстар 2027 жылы басталып, 2030 жылы аяқталады деп күтілуде.
"Интердің" ресми мәлімдемесінде жобаның заманауи және экологиялық шешімдерге негізделгені айтылған. Алдағы айларда клубтар Милан әкімдігімен келіссөздер жүргізетін болады.
Бұл арада "Интер" Чемпиондар лигасының ширек финалына шығып, "Фейеноордты" (4:1) жеңді. Команда 16 наурызда "Аталантамен" кездеседі, ал "Милан" 15 наурызда "Комоны" қабылдайды.