Роналду дәуірінен кейін: Криштианудың орнын баса алатын бес португалиялық ойыншы
Криштиану Роналду - Португалия құрамасы үшін жай ғана көшбасшы емес. Ол - әлі күнге дейін жалғасып жатқан және команда үшін өте табысты болған тұтас бір дәуірдің символы. Роналдумен бірге португалдықтар екі рет Ұлттар лигасын жеңіп, Еуропа чемпиондары атанды.
Тіпті 40 жасында да Криштиану ойынға зор ықпалын тигізуде. Оның Португалия құрамасындағы 224 матчы мен 141 голы - бұл жай ғана кездейсоқ емес, тарихи көрсеткіштер. Бірақ бір күні Роналду спорттан кетеді, сол кезде португалиялықтарға жаңа көшбасшы қажет болады. Ендеше, Криштиану дәуірінен кейін Португалия құрамасының жаңа жұлдызы бола алатын бес футболшыға тоқталайық.
Бруну Фернандеш
Роналдусыз Португалия құрамасын елестеткенде бірінші ойға оралатын - Фернандеш. Бруну қазірдің өзінде команданың маңызды ойыншыларының бірі және оның ықпалы тек арта береді. Дегенмен, «Манчестер Юнайтедте» 31 жастағы жартылай қорғаушының көшбасшылық қасиетіне қатысты сұрақтар ара-тұра туындайды.
Дегенмен, оның клуб пен ұлттық құрама үшін маңызына ешкім күмән келтірмейді. Фернандеш Португалия сапында 82 матч өткізіп, 25 гол соқты. Бұл - бір командада қазіргі заманның үздік сұрмергендерінің бірімен ойнап жүргенін ескерсек, өте жақсы нәтиже.
Бруну ұлттық құрамада орта есеппен әр ойында 0,30 гол соғады. Бұл Роналдуға қарағанда екі есе аз, алайда Фернандештің рөлі әлдеқайда ауқымды. Бруну команданың шабуылын үйлестіріп, ойынды басқарып, тамаша пас береді. МЮ капитанына тек суыққандылық жетіспейтін шығар, ал қалған жағынан ол Португалия құрамасының болашақ көшбасшысына лайық үміткер.
Гонсалу Рамуш
Рамуштың көшбасшылық қасиеті туралы айтуға ерте, бірақ оның Португалия құрамасының басты гол соғушысына айналар әлеуеті бар. Гонсалу әлі жас — небәрі 24-те, соған қарамастан ұлттық құрамада 18 ойында тоғыз гол соғып үлгерді. Бұл да Роналдумен бір командада ойнап жүрген шабуылшы үшін тамаша көрсеткіш.
Рамуш көбіне бағаланбайды, өйткені ПСЖ-ның негізгі құрамында тұрақты орын ала алмай жүр. Соған қарамастан, орта есеппен ойынға бір тайм ғана шығатын Гонсалу өткен маусымда барлық жарыстарда 19 гол, ал одан бұрынғы маусымда 14 гол соқты. Ұлттық құрамада да статистикасы жоғары: Рамуш бір матчта орта есеппен 1,40 нәтижелі әрекет жасайды.

Португалия жастар құрамасы сапында шабуылшы 18 кездесуде 14 гол соқты. Гонсалу португал футболының жүйесін жақсы біледі және қалай гол салу керегін түсінеді. Мұның бәрі оған келешекте ұлттық құраманың маңызды ойыншыларының біріне айналуға көмектеседі.
Рафаэл Леау
Бірнеше жыл бұрын Леау Португалия құрамасының басты жас жұлдызы саналды. Әрине, оны Роналдумен де салыстырғандар болды. Біріншіден, Рафаэл — сол жақ вингер, ал бұл Криштиану кезінде ойнаған негізгі позиция. Екіншіден, ол да Роналдудың ең үздік жылдарындағыдай жылдамдық пен техникаға ие.
Алайда олардың арасында үлкен бір айырмашылық бар — нәтижелілік. Леау көптеген шабуылшы элита ойыншыларға қарағанда аз гол соғады. Португалия сапында оның еншісінде бар болғаны 40 ойында бес гол. Дегенмен, Рафаэлдың ойыны тек гол соғуға емес, ол шабуылды дамытып, дриблингке сүйеніп, командаластарымен жақсы байланыс орнатады.
Өткен маусымда Серия А-да португалдық ойыншы сегіз гол және сегіз нәтижелі пас берді, ал одан бұрынғы маусымда — тоғыздан. Биыл 26 жастағы вингер жарақаттан кейін ғана бабына еніп келеді, бірақ оған клубта да, ұлттық құрамада да үлкен үміт артылуда. Мүмкін, Леау әлі толық жұлдыз деңгейіне жеткен жоқ шығар. Оның әлеуеті толық ашылмаған, бірақ егер Рафаэль өзін толық көрсете алса, ол барлық командасының көшбасшысына айналады.
Жоау Феликс
Феликске үміт артылған сәт — 2019 жылдың жазында ол «Атлетикоға» 127 миллион еуроға ауысқан кезден басталды. Бұған дейін Жоау жоғары деңгейде бар болғаны бір маусым ғана ойнап, Португалия чемпионатында «Бенфика» үшін 15 гол соққан еді. Мүмкін, басты мәселе де осы — жас жігіттен тым көп талап етілді.
Мадридтегі ауыр кезеңнен соң, португалиялықтың Диего Симеонемен келіспеушіліктері, әртүрлі клубтарға жалға кетуі және тұрақсыздық басталды, бұл оған пайда әкелмеді. 25 жастағы шабуылшы жазда «Әл-Насрға» ауысты. Бір жағынан, Феликс Сауд Арабиясына ерте кеткендей көрінеді. Екінші жағынан, бұл шешім оған оң әсер етті.
Жаңа клуб сапында Жоау тоғыз ойында сегіз гол соқты. Иә, Сауд Арабиясында және Еуропада гол салу екі түрлі нәрсе, бірақ онда ол өзіне сенімділігін қайтара алады және Еуропаға мүлде жаңа деңгейде оралуы мүмкін. Ең бастысы, «Әл-Насрда» Феликс Роналдудың қадағалауында — Криштиану отандасын қолдап, оны көпшілік алдында қорғайды.

Әлбетте, Криштиану өзіне тікелей мұрагер дайындап жатыр деу артық болар, бірақ ол Жоауға оң ықпалын тигізері анық. Қазір Феликстің ұлттық құрама құрамындағы көрсеткіші — 47 матчта 11 гол. Ол әлі де «Бенфикадағы» бабына қайтып оралуы мүмкін. Егер Феликс жұлдыз мәртебесін ақтаса, Португалия тағы бір жоғары деңгейлі шабуылшымен толығады.
Бернарду Силва
Рамуш, Леау және Феликс — Португалия құрамасының болашағы болса, Силва мен Фернандеш — дәл қазіргі тіректері. Дәл осы футболшылар Роналду кеткеннен кейін өтпелі кезеңде команданың негізгі тірегі болуға тиіс. Олар командадағы жауапкершілікті өз мойнына алуы керек, ал Рамуш, Леау және Феликс жаңа мәртебесіне бейімделеді.
Екеуі де 31 жаста — негізгі рөлге шығатын уақыт келді. Бернарду мен Бруну — тәжірибелі әрі сапалы ойыншылар. Екеуі де өз клубтарында маңызды рөл атқарады. Силва — Португалия құрамасының ең тәжірибелі ойыншыларының бірі, ұлттық құрамада 103 матч өткізген.
Фернандеш секілді, Бернарду да ойын өрісін жақсы көреді, пас берудің шебері әрі дәл соққы жасай алады. Олар команданы алға сүйреп, басқара алады. Олар Роналдудай сұрмерген және абсолютті көшбасшы болмауы мүмкін, бірақ кем дегенде уақытша Криштианудың орнын толтырып, командаластарын жаңа деңгейге шығаруға қауқарлы. Португалия құрамасының жаңа буыны мықты әрі әлеуеті зор, бастысы — осы мүмкіндікті дер кезінде пайдалану керек.