Қазақстан футбол федерациясы төрешілік және инспекциялау департаментінің жаңа басшысын бекітті. Бұл қызметке 52 жастағы португалиялық сарапшы Нуну Алешандре Паррейра де Каштру келді.
Ол төрешілік саласында 34 жылдық тәжірибесі бар жоғары деңгейдегі маман. Португалия және Бельгия футбол федерацияларында жауапты қызметтер атқарып, төрешілерді тағайындау, VAR жүйесін дамыту және төрешілер корпусын басқару ісімен айналысты.
Сонымен қатар, Португалияда төрешілерді даярлаудың заманауи жүйесін енгізіп, онлайн-курстар мен жас төрешілерді дамытуға бағытталған CORE жобасын іске асырды. УЕФА-мен тығыз жұмыс істеп, Англия, Ирландия, Украина және Швециядағы төрешілік жүйесінің дамуына үлес қосты.
КФФ президенті Марат Омаровтың айтуынша, португалиялық сарапшының келуі Қазақстандағы төрешілік деңгейін көтеруге мүмкіндік береді:
"Оның халықаралық тәжірибесі мен заманауи әдістері төрешілерді дайындау жүйесін жақсартып, ұлттық чемпионаттардағы төрешілік сапасын арттырады. Сондай-ақ, реформалар аясында төрешілерге, инспекторларға және VAR операторларына төленетін сыйақылар көбейтілді. Бұл олардың жұмыс сапасын жақсартуға ынталандырады."
Нуну Каштру төрешілер инспекторы ретінде 170-тен астам халықаралық матчқа қатысып, 100-ден астам ойында УЕФА сарапшысы қызметін атқарған. Қазіргі уақытта ол УЕФА-ның техникалық бақылаушысы және төрешілер конвенциясы комитетінің мүшесі ретінде жұмысын жалғастыруда.