Реалдың бұрынғы бапкері неліктен Мбаппе мен Винисиус бірге ойнай алмайтындығын түсіндірді
"Реалдың" бұрынғы бапкері Хорхе Вальдано Килиан Мбаппе мен Винисиус Жуниордың неге алаңда қиындық көріп жүргенін түсіндірді.
Оның айтуынша, екі ойыншы да тек шабуылға басымдық беріп, қорғанысқа көп көңіл бөлмейді. Бұл жағдай жаттықтырушылар штабы мен жанкүйерлердің көңілінен шықпай отыр.
Вальдано оларды Роналдо мен Ромарио сынды аңызға айналған шабуылшылармен салыстырды. "Оларды бүкіл алаңды шарлап ойнауға мәжбүрлеу – бекер күш жұмсау. Олар бұлай ойнай алмайды", – деді ол.
Сондай-ақ, Вальдано Мбаппе мен Винисиустың қарым-қатынасы жайлы айтылған әңгімелерге пікір білдірді. Оның ойынша, олардың алаңдағы мәселесі жеке келіспеушіліктен емес, ойын стилінің айырмашылығынан туындайды. "Екеуі де гол соғуды басты мақсат етеді, сондықтан кейде бірін-бірі байқамай қалады", – деп түсіндірді ол.
"Атлетикоға" қарсы Чемпиондар лигасындағы қарымта матч бұл жұп үшін маңызды сынақ болмақ. "Реал" алғашқы кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жетті, бірақ бапкерлер штабы екі жұлдызды форвардтың қорғаныстағы әлсіз тұстарын қалай өтейтінін табуы керек.