«Реал» шабуылшысы Эндрик маусым басын өткізіп алуы мүмкін
Мадридтік «Реалдың» жас шабуылшысы Эндрик тағы да жарақат алып, Испания чемпионатының жаңа маусымының басын өткізіп алуы мүмкін. Бұл туралы The Athletic хабарлайды.
Басылым мәліметінше, футболшы екінші рет қатарынан жамбасындағы бұлшық ет жарақатын алған. Ол алғаш рет бұл жарақатты 18 мамыр күні Ла Лиганың 37-туры аясында «Севильямен» өткен ойында алған болатын. Сол себепті клубтық әлем чемпионатын да жіберіп алды. Қазіргі жағдайына байланысты Эндрик бірнеше апта алаңнан тыс қалуы мүмкін.
«Реалдың» жаңа маусымдағы алғашқы ресми ойыны 19 тамыз күні өтеді – мадридтіктер өз алаңында «Осасунамен» кездеседі.
Эндрик «Реал» сапына 2024 жылы қосылды. Өткен маусымда ол 37 матч өткізіп, жеті гол соқты және бір нәтижелі пас берді.
«Реал» екі ойыншымен қош айтыспақ: Алонсо жаңа дәуірді бастады.