Реал Мадрид және АПЛ топ клубтары ағылшындық талант үшін таласпақ
"Реал Мадрид" скауттары "Кристал Пэлас" жартылай қорғаушысы Адам Уортонның алаңға оралуын жіті бақылап отыр.
Мадридтік клубтың бас скауты Хуни Калафат 21 жастағы ағылшын ойыншысына бұрыннан қызығушылық танытып келеді. Осыған байланысты клуб өкілдері оның ойындарын қадағалау үшін "Кристал Пэлас" матчтарына арнайы жіберілген.
Жарақатына байланысты ұзақ уақыт алаңнан тыс қалған Уортон жақында қайта қатарға қосылды. Қысқы трансферлік кезеңде "Манчестер Сити" оны өз қатарына қосуды жоспарлағанымен, жарақаты бұл келісімге кедергі келтірді, нәтижесінде клуб "Порту" ойыншысы Нико Гонсалесті таңдады. Сондай-ақ, Уортонға "Манчестер Юнайтед" пен "Ливерпуль" қызығушылық білдіруде, бірақ олар әзірге басқа мақсаттарға басымдық беріп отыр.
"Кристал Пэлас" Уортонды "Блэкберн Роверстен" 22 миллион фунтқа сатып алғанымен, қазіргі таңда оның нарықтық құны 70 миллионға дейін өскен. Ол алаңға оралғаннан кейінгі алғашқы матчында "Астон Виллаға" қарсы кездесуде (4:1) үздік ойыншы атанды. Бұл ойынды трибунадан Томас Тухель де тамашалады.
"Реал" ойыншыны жазғы трансферлік кезеңге дейін бақылауда ұстамақ. Daily Mail дерегінше, "Манчестер Сити" мен "Ливерпуль" да Уортонды назарда ұстап отыр, алайда олардың қазіргі трансферлік жоспары басқа ойыншыларға бағытталған.