Реал, Барселона немесе Атлетико: Ла Лигадағы чемпиондық жарыста кім жеңіске жетеді?
Биылғы Испания чемпионаты ерекше қызықты өтіп жатыр. Мадридтің “Реалы”, “Барселона” және “Атлетико” дәстүрлі түрде Ла Лигадағы басты фавориттер саналады. Биыл да олар осы мәртебеге лайық өнер көрсетуде. Қазіргі таңда каталондықтар 54 ұпаймен турнир кестесінің көшін бастап тұр. Дәл осындай ұпай саны “Реалда” да бар. Ал “Атлетико” олардан бар болғаны бір ұпайға қалып келеді. Чемпиондық жарыс қыза түсті. Әр үш команданың да титулға қол жеткізу мүмкіндігін бағалап көрейік.
Реал
Маусым барысында “Реал” кейде ұпай жоғалтқанымен, көптеген сарапшылар оны Ла Лиганың басты фавориті деп санайды. Мұның басты себебі – тәжірибе. Корольдік клуб Испания чемпионатын 36 рет жеңіп алған, бұл – ұлттық рекорд. Қай жағдайда болмасын, қандай құраммен ойнаса да, “Реал” қалай жеңу керектігін жақсы біледі. “Бланкос” шешуші сәттерде чемпиондық мінезін көрсетеді.
“Реалды” тұрақсыз команда деп атау асыра сілтеу болар еді. Клуб жарақат алған ойыншылардың көптігіне қарамастан, бар күшін салып өнер көрсетуде. Дегенмен “Лас-Пальмас”, “Мальорка”, “Райо Вальекано” және “Осасунамен” өткен кездесулерде ұпай жоғалтты. Бұл матчтардың бірде-біреуінде мадридтіктер жеңілген жоқ, алайда жеңіс те ала алмады. Егер осы кездесулерде жеңіске жетсе, “Реал” кестеде айтарлықтай алға ұзап кетер еді. Бірақ, қазіргі жағдай оларды басты қарсыластарымен теңдей бәсекелесуге мәжбүрлеуде.
Жарақат мәселесі “Реал” үшін үлкен қиындық тудырды, әсіресе қорғаныс шебінде. Соның салдарынан мадридтіктер Ла Лигада 23 гол жіберіп алды, бұл барлық командалар арасында тек бесінші көрсеткіш. Бұдан бөлек, команда орталық алаңда шығармашылықтың жетіспеушілігін сезінуде, өйткені Тони Кроос кеткеннен кейін бұл аймақтағы ойын әлі толық тұрақталған жоқ. Соған қарамастан, “Реал” көбінесе жеңіске жетудің жолын табады. Бұл тұрғыда шабуыл шебі ерекше рөл атқарады. Килиан Мбаппе маусымның басын бәсең өткізгенімен, бүгінде 17 гол соғып, Ла Лиганың екінші үздік сұрмергені атануда. Сондай-ақ “Реалдың” сапында Лука Модрич, Винисиус, Родриго, Джуд Беллингем және Тибо Куртуа бар. Осындай жұлдыздар командаға қарсыластарынан басымдық береді.
Барселона
“Барселона” Ханс-Дитер Флик басшылығымен алғашқы маусымын жарқын өткізіп жатыр. Каталондықтар алғашқы 12 матчтың 11-інде жеңіске жетіп, турнир кестесінің көшін бастады. Бірақ содан кейін команда қиындықтарға тап болды: қарашаның ортасынан қаңтардың ортасына дейін “Барселона” тек бір рет жеңіске жете алды. Бұл кезең жас командаға ауыр соққы болды, олар көшбасшылықтан айырылып, бәсекелестеріне жақындай түсті. Дегенмен, содан бері “Барселона” қайтадан тұрақтылық тауып, жеңісті жолына оралды. Соның арқасында олар турнир кестесінің бірінші орнына қайта көтерілді.
Өткен қиындықтарға қарамастан, “Барселона” сенімді көрінеді. Команда көп гол соғып, маусым басындағы табысты өнері кездейсоқ емес екенін дәлелдеуде. Каталондықтар Ла Лиганың ең нәтижелі командасы. 25 матчта 67 гол соққан. Олардың басты бәсекелесі “Реал” 54 голмен екінші орында. Каталондықтардың шабуылшысы Роберт Левандовски 20 голмен Ла Лиганың үздік сұрмергені. Жас вингер Ламин Ямаль 11 нәтижелі паспен чемпионаттың үздік ассистенті атанып отыр. Сондай-ақ Рафинья да командаға үлкен үлес қосуда.

“Барселонаның” ерекше тұсы – оның құрамындағы ойыншылардың жастығы. Каталондықтар Ла Лиганың ең жас командасы болып саналады. Хави жастарды негізгі құрамға көптеп тарта бастады, ал Флик олармен одан да сенімді жұмыс істеуде. “Барселона” чемпиондыққа үміткер командалардың бірі екені сөзсіз. Бірақ дәл осы жастық командаға кері әсер етуі мүмкін. Тәжірибенің аздығы кейбір ойыншылардың жауапты сәттерде толқып кетуіне әкелуі ықтимал. Дегенмен, осындай қиындықтарға қарамастан, каталондықтар чемпион атанса, бұл үлкен жетістік болмақ.
Атлетико
Испанияда чемпиондыққа үміткерлер туралы сөз болғанда, “Атлетико” көбіне үшінші орында аталады. Бірақ бұл маусымда “Атлетико” есептен шығаруға болмайды. Жазғы трансферлік науқанда мадридтіктер өз амбицияларын көрсетті. Олар Ла Лиганың үздік сұрмергендерінің бірі Александр Серлотты, Еуропа чемпионы Робин Ле Норманды және әлем чемпионы Хулиан Альваресті қатарға қосты. Сондай-ақ ағылшынның ең талантты жартылай қорғаушыларының бірі Конор Галлахерді шақырды.
“Атлетико” әрқашан біртұтас команда ретінде ойнауға тырысады, бірақ бұл маусымда олар ерекше ұйымшыл болып көрінеді. Әр ойыншы өз рөлін түсінеді және оны қабылдайды. Серлот командадағы ең нәтижелі ойыншы болғанымен, ол орта есеппен матчтың тек бір таймын ғана өткізеді. Анхель Корреа одан да аз уақыт алады, бірақ әр минутын тиімді пайдаланып, маңызды голдар соғып келеді.
Диего Симеоне қорғанысқа ерекше көңіл бөлетін бапкер, ал бұл стиль “Атлетикоға” нәтиже әкелуде. Қазіргі таңда “үндістер” Ла Лиганың ең сенімді қорғанысқа ие командасы. Олар 25 матчта небәрі 16 гол жіберіп алған (орташа есеппен 0.64 гол). Сонымен қатар, “Атлетико” ойынға жасалған ауыстырулар саны бойынша Ла Лигада төртінші орында тұр, ал олардың қосалқы ойыншылары барлық командалар арасындағы ең нәтижесі.
“Атлетико” қазір де Испания чемпионатының үшінші басты фавориті болып саналады, бірақ бұл команда титул үшін барын салуға дайын. Егер “Реал” мен “Барселона” қателік жасаса, “Атлетико” сол мүмкіндікті пайдалануға тырысады.