Поль Погба: «Ювентус» мені қиын жағдайда жалғыз қалдырды
«Ювентустың» бұрынғы жартылай қорғаушысы Поль Погба допинг дауына байланысты болған қиын кезеңде клубтың қолдауынан айырылғанын айтты.
2024 жылдың ақпанында француз футболшысы тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін төрт жылға аластатылған болатын. Кейінірек бұл жаза 18 айға қысқартылды. Ал қараша айында «Ювентус» пен Погба келісімшартты екі жақты келісім бойынша тоқтатты - бұл келісім тағы бір жарым жылға созылуы керек еді.
32 жастағы футболшының айтуынша, ол қиын сәтте командадан көмек күтті:
– Мен жеке жаттығулар жасауға, массаж алуға рұқсат сұрадым, өйткені әлі де команда мүшесі едім. Мұндай құқық менде болатын. Бірақ клуб үнсіз қалды. Мен допингке қарсы жүйемен күресіп жатырмын деп ойладым, ал шын мәнінде «Ювентуспен» де күресіппін, – деп келтіреді Погбаның сөзін La Gazzetta dello Sport.
Ол сондай-ақ отбасылық қысымға байланысты эмоциялық тұрғыда бұл жағдайға шыдай алмағанын жеткізді:
– Күн сайын балаларыммен стадион мен жаттығу базасының жанынан өту өте ауыр болды. Олар мені қашан қайта көреді деп сұрай беретін. Сол себепті Туриннен кету туралы шешім қабылдадым, – деді Погба.
Поль Погба «Ювентус» сапында екі кезеңде өнер көрсетті: 2012–2016 және 2022–2024 жылдары. Барлығы 190 матч өткізіп, 34 гол соғып, 32 нәтижелі пас берген. Сонымен қатар, ол екі рет «Манчестер Юнайтед» клубының ойыншысы болған.