ҚПЛ-дағы ең көп жанкүйер жинайтын топ-5 команда: кімнің ойынына халық көп барады?
Қазақстан Премьер-Лигасы 24-турды еңсеріп, осы уақытқа дейінгі матчтардың көрермендер деректері белгілі болды.
Жанкүйерлік қолдау жағынан көшбасшы - «Ақтөбе». 12 729 орындық стадионда әр ойында дерлік лық толады. Маусым барысында ақтөбеліктердің ойындарын жалпы 119 700 жанкүйер тамашалады. Орташа есеппен әр кездесуге 9 975 адамнан жиналған.
Одан кейінгі орында – алматылық «Қайрат». «Орталық стадион» 114 856 жанкүйерді қабылдады, бұл орта есеппен бір ойында 9 571 көрермен деген сөз. Елордалық «Астана» да артта қалған жоқ: 30 мың орындық «Астана Аренаға» 109 753 жанкүйер келген (орташа көрсеткіш – 9 146).
Ал үздік төрттікте семейлік «Елімай» да бар. «Спартак» стадионында өткен кездесулерге маусым барысында 78 580 көрермен жиналған. Бұл – орташа есеппен 6 548 адам. Бестікті шымкенттік «Ордабасы» түйіндейді: олардың ойынын 66 480 жанкүйер тамашалап, орташа көрсеткіш 5 540-ты құрады.
24 турдан кейінгі турнирлік кестеде жағдай мынадай: «Қайрат» 55 ұпаймен көш бастап келеді. Қуатты қарқын алған алматылықтардан кейін 53 ұпай жинаған «Астана» өкшелеп тұр. Үшінші орында 50 ұпайы бар «Тобыл».