Павлодарда еурокубоктарға сай заманауи стадион салу жоспарда бар
Павлодарда халықаралық стандарттарға сай жаңа футбол стадионын салу мүмкіндігі белсенді түрде қарастырылып жатыр.
Pavlodarnews.kz хабарлауынша, бұл мәселе қазіргі таңда алдын ала зерттеу сатысында, әрі облыс әкімдігі деңгейінде қаралуда.
Павлодар облысы сәулет және қала құрылысы басқармасы жаңа стадион құрылысы идеясының шынымен де талқыланып жатқанын растады. Сонымен қатар, қазіргі Орталық стадион сүрілмейтінін, оның аумағы әзірленіп жатқан бас жоспар шеңберінде сақталатыны айтылды.
Облыс әкімі Асайн Байхановтың сөзінше, билік өкілдері екі нұсқаны қарастыруда: қазіргі стадионды күрделі жөндеуден өткізу немесе жаңа спорт нысанын салу. Егер екінші нұсқа таңдалса, ең қолайлы орын ретінде Спорт-сити шағын ауданы қарастырылып отыр.
– «12 мың көрерменге арналған жаңа стадион еурокубоктық деңгейдегі халықаралық матчтарды қабылдай алады. Біз жобаны зерттеуді жалғастырып жатырмыз. Қазіргі Орталық стадионды балалар мен жасөспірімдер спорттық жаттығуларына қалдыруды жоспарлап отырмыз, мүмкін, оған да жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ ол бұл жоба биыл да, келесі жылы да жүзеге асырылмайтынын, алайда дайындық жұмыстары қазірдің өзінде басталғанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін СДЮШОР «Ертіс» директоры Жандос Ұзақов Орталық стадионды қайта жаңғырту тұжырымдамасын таныстырған болатын. 2023 жылдың қарашасында жүргізілген техникалық сараптама қорытындысы бойынша солтүстік трибуна апатты жағдайда деп танылып, ал батыс және шығыс трибуналарға күрделі жөндеу қажет екені анықталған.
Осыған байланысты аймақ билігі заманауи талаптарға және УЕФА стандарттарына сай жаңа стадион салу бастамасын көбірек қолдауға бейім болып отыр. Бұл арена өңірдегі футболдың дамуына серпін беретін маңызды инфрақұрылым нысанына айналмақ.