Ордабасы құрамын нигериялық жас жартылай қорғаушымен күшейтті
Шымкенттік “Ордабасы” құрамын 22 жастағы нигериялық жартылай қорғаушы Салиман Кайодемен толықтырды. Клуб футболшымен келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялады. Ол словакиялық “Подбрезова” командасынан маусым соңына дейін, яғни 2025 жылдың 30 маусымына дейін жалға алынды.
Салиман Кайоде кәсіби мансабын Сербияның “Златибор” клубында бастаған. Кейін Босния және Герцеговинаның “Звезда 09” командасында ойнады. 2024 жылдың жазында ол Словакия біріншілігіне ауысып, “Подбрезова” сапына қосылды.
Қазіргі маусымда Кайоде словакиялық клубтың намысын қорғап, алты матч өткізді, алайда әзірге нәтижелі әрекеттерімен көзге түскен жоқ. Дегенмен, “Ордабасы” сапындағы бақылау ойындарында ол өзін дәлелдеп, бір гол соғып, нәтижелі пас берді. Ол алаңдағы жоғары жұмыс қабілеттілігімен, допты алға жылжыту шеберлігімен ерекшеленеді және “Ордабасы” орталық сызығын күшейте алады. Оның физикалық дайындығы мен әмбебап ойыны команда тактикасына жаңа серпін беруі мүмкін.
Бұған дейін “Ордабасы” президенті клубтың трансферлік саясаты мен легионерлер санын қысқарту жоспарлары туралы пікір білдірген еді.