«Ордабасы» президенті трансфер, бюджет және академия туралы айтты
«Ордабасы» футбол клубының президенті Асхат Сейсембек Күнгейге берген сұхбатында жазғы трансферлік терезе, бюджетті қысқарту және клуб академиясы туралы айтты.
Оның айтуынша, бапкерлер штабы бірнеше позицияны күшейтуді жоспарлап отыр. Клуб 30 жасқа дейінгі жас әрі болашағы бар ойыншыларды алуға ұмтылады. Сондай-ақ, бір маусымға емес, ұзақ мерзімді перспективамен шетелдік футболшылар да қарастырылып жатыр.
Сейсембектің сөзінше, клуб бюджеті екі есе қысқарған, ал жалақы қоры 40 пайызға азайған. Бұл жағдай жаңа ойыншыларды тартуда қиындықтар туғызуда, өйткені шектеулі қаржымен сапалы құрамды сақтау қажет.
Президент клуб академиясын дамытуға да тоқталып өтті. Қазіргі таңда «Ордабасы» академиясы елімізде «Қайраттан» кейінгі екінші орында. Қала басшылығының қолдауымен академияның инфрақұрылымы жақсарып келеді. Егер клуб еурокубоктардың топтық кезеңіне шықса, барлық маусымдық шығындарды жауып, материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайтуға мүмкіндік туады дейді Сейсембек.