«Ордабасы» еурокубоктың іріктеу матчтары алдында қорғаушысынан айырылды. Нақты диагноз белгілі
Шымкенттік «Ордабасы» командасының молдавиялық қорғаушысы Виктор Мудрак Қазақстан чемпионатының 13-туры аясындағы «Оқжетпеске» қарсы ойында (1:0) жарақат алды.
38-минутта көкшетаулық клубтың ойыншысымен соқтығысқан Мудрак алаңға оң жақ тізесін ұстап құлап, тез арада ауыстырылды. Алаңнан шығып кеткен қорғаушы көз жасын тыя алмады.
«Ордабасының» баспасөз қызметі футболшының жарақатына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Клубтың мәліметінше, футболшының оң жақ тізе буынынан ауыр жарақат алған. Жасалған тексерістен кейін оң жақ латералды мениск зақымданғаны анықталды. Жақын күндері Викторға ота жасалып, оңалту кезеңі басталады.
Легионердің жарақаты Конференция лигасының іріктеу матчтарында күрделі мәселеге айналады - шымкенттіктер алғашқы ойынын 10 шілдеде кутаисилік «Торпедоға» қарсы өткізеді.