Оливье Жиру MLS-пен қош айтысты: енді кезек Францияға келді ме?
Атақты француз шабуылшысы Оливье Жиру мен АҚШ-тың «Лос-Анджелес» клубы екіжақты келісім негізінде келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Осылайша, 38 жастағы футболшының Солтүстік Америкадағы мансабы өз мәресіне жетті. Айта кетейік, бұл кезеңді сәтті болды деу қиын.
2024 жылы Жирудың LAFC құрамына ауысуы үлкен оқиға ретінде қабылданды. Француз шабуылшысы құраманың жаңа жұлдызына айналады деген үміт болды - ол Франция құрамасы тарихындағы ең нәтижелі сұрмерген деген атақпен келген болатын. Алайда бұл үміт ақталмады: «Лос-Анджелес» сапында өткізген 37 матчта ол небәрі 5 гол соғып, 3 нәтижелі паспен ғана шектелді.
Соған қарамастан, оның тәжірибесі клубқа өз жемісін берді. Жиру алаңда жүрген маусымда команда АҚШ Кубогын жеңіп алып, Leagues Cup турнирінің финалына дейін жетті. Жирудың «Лос-Анджелес» құрамындағы соңғы ойыны 29 маусымда өтеді. Қарсылас - канадалық «Ванкувер Уайткэпс».
Франциялық L’Équipe басылымының хабарлауынша, Жиру кәсіби мансабын өз отанында жалғастыруы мүмкін. Қазірдің өзінде «Лилль» клубы ойыншының өкілдерімен алдын ала келіссөздер жүргізіп, ауызша келісімге келген. Келісімшарттың бір жылға жасалып, тағы бір маусымға ұзартылу мүмкіндігі қарастырылып отырғаны айтылуда.