Нұрдәулетов «Ертістен» кетуі туралы: Команда мен жанкүйерлерге ризамын, бірақ қауесеттерге сенбеңіздер
Павлодарлық «Ертістің» бұрынғы бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов клубтан кетуіне байланысты пікір білдірді.
- «Ең алдымен, ойыншыларға алаңдағы жанкешті еңбегі үшін, Павлодар халқына - жылы қабылдауы үшін, ал жанкүйерлерге - шынайы қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан кейбір ақпараттар шындыққа жанаспайды. Тамерлан Ағиманов - болашағынан үміт күттіретін дарынды футболшы. Айта кетейін, менің «Ертістен» кетуім клуб басшылығымен өзара келісім арқылы жүзеге асты», - деді бапкер клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Нұрдәулетов павлодарлық команданы төрт ай басқарды. Осы уақыт аралығында ұжым сегіз ойын өткізіп, алты жеңіске жетіп, бір матчта тең түсіп, бір рет жеңілді.
Ресми түрде бапкердің қызметтен кеткені 9 мамыр күні жарияланды. Қазіргі таңда «Ертіс» Бірінші лигада 13 ұпаймен көш бастап тұр.
Айта кетейік, Қайрат Нұрдәулетов бұған дейін «Жетісу», «Мақтаарал» клубтарын және Қазақстанның жастар құрамасын жаттықтырған.