Неймар – «Ботафого» матчындағы алаңнан қуылуы туралы: Төрешілердің деңгейі көңіл көншітпейді
«Сантос» және Бразилия құрамасының шабуылшысы Неймар Бразилия чемпионатының 11-турындағы «Ботафогоға» қарсы өткен ойында алаңнан қуылғанына байланысты пікір білдірді.
Кездесу «Сантостың» алаңында өтіп, команда 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
33 жастағы футболшы екі сары қағаз алып, ойыннан шеттетілді. Матч аяқталғаннан кейін ол төрешілер жұмысына қатысты әлеуметтік желіде өз ренішін білдірді:
«Иә, екінші сары қағаз заңды. Бірақ бірінші… Бұл әділетсіз. Иә, мен ереже бұздым, бірақ төреші бірден сары қағаз көрсетті. Нашар төрешілер тым көп! Бұл менің ғана пікірім... Осы үшін тағы жазаға тартпаса екен», – деп жазды Неймар.
Айта кетейік, 76-минутта Неймар қолымен гол соғып, сол үшін екінші ескерту алып, алаңнан қуылды.
Ойын тағдырын 86-минутта «Ботафого» ойыншысы, бұрынғы «Зенит» футболшысы Артур шешті.
Айта кетейік, бұл ойын Неймар үшін «Сантос» сапындағы соңғы матч болуы мүмкін. Оның клубпен келісімшарты 30 маусымда аяқталады.