«Мец» Франция Кубогының финалистерін қосымша уақытта жеңіп, Лига 1-ге оралды
Мамырдың 29-нан 30-на қараған түні «Реймс» пен «Мец» арасында Франция чемпионатындағы орын үшін қарымта кездесу өтті.
«Мецтің» алаңында өткен алғашқы ойын 1:1 есебімен аяқталды. Қарымта кездесудің негізгі уақыты да дәл осындай есеппен шешілді: 57-минутта «Реймстің» соққан голына қонақтар 78-минутта қорғаушы Матье Удолдың соққысымен жауап берді. Бір қызығы, бірінші ойында гол соққан да осы ойыншы болған еді.
Қосымша уақытта қонақтардың тағы бір қорғаушысы Альфа Туре 110-минутта жеңіс голын соқты, ал төрт минуттан кейін Готье Эйн матчтың соңғы нүктесін қойды.
Осылайша, Мец бір жылдан кейін Францияның жоғарғы дивизионына қайта оралды. Ал Кубок финалистері «Реймс» Лига 2-ге түсіп қалды – команда 13 жыл бойы төмендемеген еді.
Лига 1. Плей-офф. Финал. 29 мамыр
«Реймс» - «Мец» - 1:3 (алғашқы матч 1:1) (пен. :)
Голдар: Тиа, 57 - Удол, 78, Туре 110, Эйн, 114.