Месси Сауд Арабия клубымен келіссөз жүргізіп жатыр
Аргентина құрамасы мен «Интер Майами» шабуылшысы Лионель Месси Сауд Арабиясының Про-Лигасы өкілдерімен тікелей келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы бельгиялық инсайдер Саша Тавольери әлеуметтік желі X арқылы хабарлады.
Ақпарат көзінің мәліметінше, тараптар арасындағы келіссөздер алға жылжыған. Месси «Махд» академиясының директоры Абдулла Хамадпен және Про-Лига басшыларымен тікелей байланыс орнатқан. Қандай шешім қабылданатынын тек футболшының өзі анықтайды.
Аргентиналық футболшы Эр-Риядтың инфрақұрылымына – мектептер мен тұрғын үйлерге – бұрынғы сапарларында жоғары баға берген.
Қазіргі таңда Месси АҚШ-тың «Интер Майами» клубында өнер көрсетіп жүр. Бұған дейін ол «Барселона» және «Пари Сен-Жермен» сапында ойнаған. Ал кәсіби жолын аргентиналық «Ньюэллс Олд Бойз» академиясында бастаған.
Месси мансабында көптеген жетістіктерге жетті: 2022 жылғы әлем чемпионы, сегіз дүркін «Алтын доп» иегері.
«Бізде жоғалтатын ештеңе жоқ». Мессидің әріптесі «ПСЖ-ны» жеңу ықтималдығын бағалады.