Мансабындағы ең сәтті маусым: Салах АПЛ-ды дүр сілкіндіріп, «Ливерпульді» чемпиондыққа жетелеуде
Мохамед Салах – «Ливерпульдің» тірі аңызы. Ол «Энфилдтің» жүрегін алғашқы маусымынан-ақ баурап алды: «Ромадан» келе салысымен Премьер-лигада 32 гол соғып, дебюттік маусымда-ақ сенсацияға айналды. Бұл – әзірге оның 30 голдан асырып соққан жалғыз маусымы. Соған қарамастан, Салах сегіз жылдан бері команданың басты сұрмергені болып келеді. Оны бұл биіктен Садио Мане де, Роберто Фирмино да ығыстыра алмады. Ал биыл ол өз тарихына жаңа парақ ашып, бұрынғының бәрін ұмыттырып жатыр.
Салах АПЛ-ға келген күннен бастап өзінің деңгейіне ешкімді күмәндандырған емес. Әрине, әлсіз матчтар болды. Бірақ ол әрдайым тұрақты нәтижесімен ерекшеленді. «Ливерпуль» қалай өнер көрсетсе де, Салах өз ойынын жоғалтқан емес. Командада жұлдыз көп: Вирджил ван Дейк, Трент Александер-Арнольд, Алиссон… Бірақ олардың әрқайсысы бір кезде бәсен тартып қалды, тек Салах үнемі биіктен көрінді. Өткен маусымда оның ең төменгі көрсеткіші тіркелді (18 гол). Алайда соның өзінде үздік ондықтың қатарынан түскен жоқ. Биыл тіпті Эрлинг Холландтың өзін артта қалдырды.
Маусым басында бәрі бұлыңғыр еді: бұл — Салахтың келісімшарттағы соңғы жылы, ал жаңа шартқа қатысты нақты шешім болмады. Клуб та асықпады. Мұндай жағдайда мотивация төмендеуі мүмкін еді. Оның үстіне, команданың тізгінін жаңа бапкер – Арне Слот ұстады. Юрген Клопптың орнын басу – кез келген маманға ауыр сынақ. Бірақ Слот саспады. Жазғы дайындық сәтті өтті, ал Премьер-лигадағы алғашқы ойындарда жеңісті жол басталды – ол әлі жалғасып келеді. Тек төртінші турда ғана «Ливерпуль» «Ноттингем Форесттен» 0:1 есебімен ұтылып қалды. Әзірге бұл – маусымдағы жалғыз жеңіліс.
Мұндай нәтиже тек бір ғана еуропалық топ-лигада тіркеліп отыр. Ал «Ливерпульдің» жүрегінде – Салах. Мысырлық шабуылшы алғашқы турдан бастап гол соғуын тоқтатқан жоқ. Ең ұзақ голсыз кезеңі – бар болғаны екі матчты құрайды. Бұған қоса, ол тек гол емес, нәтижелі пастарымен де қуантты: барлық турнирде 32 гол мен 22 пас. 32 жастағы футболшы үшін мұндай өнімділік – таңғаларлық жайт.

Салах сұрмергендер тізімінде көш бастап тұр: Холландтан алты гол артық. Сонымен қатар ол пас саны бойынша да бірінші орында (17). Демек, «гол+пас» жүйесінде де көшбасшы. Қазіргі таңда Салахты Премьер-лиганың ең үздік ойыншысы деп атау – артық емес. Бұл серпілістің себебі неде? Мұнда эмоция мен тактика қатар рөл ойнады. Клопп оған толық еркіндік бергендей көрінсе де, Слоттың келуімен Салах шын мәнінде босанды. Енді ол қапталда қалағанын істей алады. Гол соғуға ұмтылғанмен, тек соған байланбайды.
Слот басқарған Салах – элиталық деңгейдегі плеймейкер. АПЛ-да 17 нәтижелі пас – бұл оның мансабындағы ең үздік көрсеткіші. «Гол+пас» жүйесі бойынша – 44 ұпай. Бұл да – рекорд. Барлық статистика Салахтың мансабындағы ең үздік маусым өтіп жатқанын айғақтайды. Ол “Ливерпуль” жейдесінде қаншама рекорд орнатты, енді тарихи межелерге жақындап келеді.
Салах АПЛ тарихында бір маусымда 30 гол және 20 пас берген алғашқы ойыншы атануы мүмкін. Бұл – қолжетімді мақсат. Өйткені Слоттың жүйесі оған тап келеді: жоғары прессинг, шабуылға басымдық, жылдамдыққа кең мүмкіндік. Мысырлық ойыншы әлі де шапшаң, ал «Ливерпуль» қарсы шабуыл стилінен бас тартпады. Оның техникасы да әлі сол қалпында.
Эмоция жағынан да Салах биыл басқаша. Мүмкін, клубтан жаңа келісімшарт ұсынылмағаны оны ынталандырған болар. АПЛ мен Чемпиондар лигасындағы жетістіктер «Алтын доп» жайлы ойды қайта оятты. Бір кездері ол осы марапаттың басты үміткері болған. Иә, «Ливерпульдің» ерте плей-оффтан шығуы жағдайды қиындатты, бірақ Салахты толықтай үміт үзді деу әлі ертерек. Чемпиондық – жалғыз өлшем емес, жеке статистика да шешуші рөл ойнайды.
Қазір «Ливерпуль» Премьер-лигада бірінші орында, «Арсеналдан» 12 ұпай алда. Әрине, бәрі шешіліп қойды деуге болмайды, бірақ мүмкіндіктер жоғары. Алда не болатыны белгісіз. Бірақ бәрі тағы да Салахқа тірелуі мүмкін. Соңғы бір айда мерсисайдтықтар үш турнирден қатар шығып қалды – бұл команданы да, Салахты да ауыр соққыға душар етті. «Алтын доп» арманға айналып барады, болашағы да бұлыңғыр. Бұл күйзеліс оны әлсіретуі мүмкін, бірақ дәл осы сәтте бойындағы соңғы күшін оятуы да ғажап емес. Егер бұл – оның «Ливерпульдегі» соңғы маусымы болса, онда қоштасу тек чемпион кейпінде өтуге тиіс.