Манчестерден - Каталония жүрегіне: «Барселона» Рэшфордтың трансферін ресми жариялады
Каталониялық «Барселона» клубы ресми түрде ағылшын ойыншысы Маркос Рэшфордтың команда қатарына қосылғанын мәлімдеді. 27 жастағы вингер 2026 жылдың маусымына дейін жалға алынды. Келісімшартта ойыншыны 30 миллион еуроға толық сатып алу құқығы қарастырылған, сондай-ақ жалақыны толығымен «Барселона» төлейтін болады.
Рэшфорд каталондық ұжымда әйгілі 14-нөмірмен алаңға шығады – бұл нөмір кезінде Йохан Кройф пен Тьерри Анри секілді клуб аңыздарының еншісінде болған.
Ағылшын футболшысы «Барселона» тарихындағы соңғы 39 жылда алғаш рет шақырылған ойыншы атанды. Бұған дейін каталондық клуб 1986 жылы Гари Линекерді қатарға қосқан еді.
Еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, «Барселона» Рэшфордтың жылдық жалақысының толық сомасын өз мойнына алады. Жалақы көлемі, сыйақыларды есепке алғанда, жылына шамамен 10 миллион еуроны құрайды. Ал бұрынғы клубы – «Манчестер Юнайтедте» ол 17 миллион фунтқа жуық табыс тапқан. Бұл трансфер үшін Рэшфорд жалақыны едәуір азайтуға келіскен.
«Манчестер Юнайтед» үшін бұл келісім тек спорттық емес, сонымен қатар қаржылық тиімділікке ие – клуб қазіргі маусымда жалақы қоры бойынша шамамен 13 миллион фунт үнемдемек.
2024/25 жылғы маусым Рэшфорд үшін оңай болған жоқ. Ол маусым барысында «Манчестер Юнайтед» пен «Астон Вилла» сапында өнер көрсетіп, барлығы 41 матч өткізіп, 11 гол соғып, 9 нәтижелі пас берген.