«Манчестер Ситиге» Лига кубогы матчында «Суонсиға» қарсы камбэк жасауға тура келді
«Манчестер Сити» Англия лигасы кубогының 1/8 финалындағы «Суонсиға» қарсы ойында айқын фаворит саналған еді, алайда Пеп Гвардиола шәкірттеріне кездесудің тағдырын өз қолына алуға тура келді.
Чемпионшиптің ортаңқол командасы ойынның басында есеп ашты, алайда бірінші таймның соңында-ақ Жереми Доку таблодағы көрсеткішті теңестірді. Екінші таймда «Суонси» толықтай қорғанысқа жабысып, бірде-бір соққы жасамады.
Дегенмен, «қалалықтар» тығыз шоғырланған қорғанысты бұзып өтті, матчты пенальти сериясына жеткізбей-ақ шешті. Омар Мармуш екінші таймның ортасында көзге түсіп, «Манчестер Сити» мығым қарсыласты тізе бүктірді.
Англия. Лига кубогы. 1/8 финал
«Суонси» – «Манчестер Сити» – 1:3
Голдар: Франко, 12 – Доку, 39, Мармуш, 77, Шерки, 90+3