Максим Самородов - РПЛ-дің ең қымбат ойыншылары қатарына енді
Қазақстандық шабуылшы Максим Самородов Халықаралық спорттық зерттеулер орталығы (CIES) жариялаған рейтингке сәйкес Ресей Премьер-лигасындағы ең қымбат он футболшының қатарына енді. Сарапшылардың есебінше, «Ахмат» клубында өнер көрсететін футболшының трансферлік құны 4,9–6,2 миллион еуро аралығында бағаланған. Бұл көрсеткіш оған лигадағы барлық ойыншылардың арасында 9-орын алуға мүмкіндік берді.
Рейтингтің алғашқы үштігінде «Зениттің» ойыншысы Луис Энрике (29–40 млн еуро), «Краснодардан» Алексей Батраков (22–31 млн) және «Спартак» шабуылшысы Манфред Угальде (19–26 млн) орналасқан. Сондай-ақ Самородовтан жоғары орында Тюкавин, Кисляк, Агкацев және Роналду дос Сантос сынды футболшылар тұр.
Айта кетейік, CIES зерттеу барысында ойыншының жасын, позициясын, статистикасын, келісімшарт ұзақтығын және медиялық танымалдығын ескереді.
Максим Самородов биылғы маусымда «Ахмат» сапында жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді: барлық турнирлерде 28 матч өткізіп, 7 гол мен 6 нәтижелі пас авторы атанған. Соңғы голын ол РПЛ-дің 27-турында ЦСКА қақпасына соқты.