Литва құрамасының бұрынғы футболшысы, «Ақтөбе» мен «Қайратта» ойнаған Артурас Фоменко қайтыс болды
Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсеткен Литва құрамасының бұрынғы шабуылшысы Артурас Фоменко өмірден өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Литва ұлттық құрамасының бұрынғы форварды ауыр науқастан кейін 49 жасында қайтыс болды.
Кезінде Артурас Фоменко Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсеткен. Әр жылдары ол «Ақтөбе», «Қайрат» және «Қайсар» клубтарының намысын қорғады. Литвалық футболшы ҚПЛ-де 53 матч өткізіп, 18 гол соқты. Сондай-ақ Қазақстан кубогында 10 кездесуге қатысып, 6 гол авторы атанды. 2005 жылы «Қайрат» сапында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Фоменко мансабының басым бөлігін Өзбекстанда өткізді. Ол «Андижан», «Алмалық», «Бұхара», «Соғдыана», «Навбахор», сондай-ақ Ташкенттің «Локомотив» және «Шуртан» клубтарында ойнады.
Шабуылшы Литва құрамасында 1996-2003 жылдар аралығында өнер көрсетіп, 23 матчта жеті гол соқты. 1998/99 жылғы маусымда Литваның жоғары дивизионында 14 голмен үздік сұрмерген атанды.