Әлиев құпиясын ашты: Қазақстан топ құраманы қалай тоқтатпақ?
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев әлем чемпионаты-2026 іріктеу кезеңіндегі Бельгиямен алдағы ойынға байланысты ой-пікірін білдірді. Маман командасының бұл кездесуге тәртіпті әрі бірлігі жоғары күйде келіп отырғанын атап өтті.
«Тәртіптің, ұйымшылдықтың және бірліктің арқасында біз ертең жеңіске жете аламыз. Бұл әр жаттығуда сезіледі – жігіттер қандай қарсылас болса да, ешқандай қорқынышсыз алаңға шығады. Соңғы төрт ресми ойында осыны дәлелдеді. Иә, сәл ғана сәттілік жетпей тұрды, бірақ осындай көзқараспен жеңістер де алыс емес», – деді бас бапкер.
Әлиев алдағы ойыннан күткен үмітінің айқын екенін жеткізді:
«Қарсыласты таныстырудың қажеті жоқ. Бельгия – жоғары деңгейдегі команда. Дегенмен біз өз ойынымызды ойнаймыз, бапкерлік штабтың тапсырмасын орындаймыз. Жарқын әрі ымырасыз тартысты күтеміз», – деді ол.
Сонымен қатар, маман бельгиялықтардың құрамынан жекелеген футболшыларды бөліп қарауға қарсы екенін айтты:
«Бұл құраманың әр ойыншысы қауіпті. Мұнда аса жоғары деңгейдегі футболшылар жиналған, барлығы да құрметке лайық», – деді Әлиев.
Қазіргі таңда төрт турдан кейін Қазақстан J тобында үш ұпаймен төртінші орында тұр. Ал Бельгия үш ойында жеті ұпай жинап, жоғарырақ орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін Әлиев штабпен бірге қарсыласына арнайы тактикалық тосынсыйлар әзірлеп жатқанын айтып, олардың Қазақстанға тартысты ойын көрсетуге және топтағы жағдайын жақсартуға көмектесетініне сендірген болатын.