Ұлықбек Асанбаев өзбекстандық Абдукодир Хусановтың Манчестер Сити клубына ауысуына қатысты пікір білдірді
Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Ұлықбек Асанбаев өзбекстандық Абдукодир Хусановтың “Манчестер Сити” клубына ауысуына қатысты пікір білдірді.
БАҚ-та Хусановтың ағылшын клубымен 2029 жылға дейін келісімшартқа отырғаны туралы ақпарат тарады. Осынау трансфердің жүзеге асуына Асанбаевтың қатысы бар екені айтылған.
"Әсіре сілтейтіндер үшін тағы нақтылап өтейін: мен агент емеспін және ешқашан агент болған жоқпын. Менің жұмысым – ойыншыларды спорттық жағынан сүйемелдеу, оларға дұрыс команда мен бапкер табу. Абдукодир Хусановтың агенті – Гайрат Хасбиуллин.
Абдукодир Хусановтың трансфері – өзбек футболының басы-қасында жүрген жандардың ортақ жемісі. Бұл өзбек және қазақ футболының әрі қарайғы дамуына себеп болып, біздің футболшылар Еуропа мен халықаралық жарыстарда ұлттық құрамасы мен клубтарының намысын абыроймен қорғайды деп сенемін", - деді Асанбаев Championat Asia-ға берген сұхбатында.
Айта кетейік, 20 жастағы Хусанов – өзбектің «Бунедкор» клубының тәрбиеленушісі.