locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
Қонақ
Қонақ Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
Мәзір

Легионерлерге қаражатты қайдан табасың қазақ футболы?

Футбол 03 сәу 2025 12:50
Арсен Алиев
Арсен Алиев
Редактор
Легионерлерге қаражатты қайдан табасың қазақ футболы?
ФОТО: fc.turan инстаграм парақшасынан

Футбол – әлемдегі нөмірі бірінші спорт екені баршаға мәлім. Миллиардтаған көрермен тамашалайтын бұл спортта орасан зор қаржы айналымда жүр. Кейбір елдерде клубтар өз күндерін өздері көрсе, Қазақстандық командалар мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат арқылы өнер көрсетіп келеді. Өйткені клубты сатып алып, оны дамытатын кәсіпкерлер аз. Футболды коммерциялық бағытқа өткізу әрекеттері жасалғанымен, іс әрі қарай өрбімейді. Жеке бизнес пен кәсіпкерлерге футбол қызық емес.

Жоғарыда айтылғандай, Қазақстандық клубтар облыстық бюджеттен қаржы алады. Осы қаражат легионер ойыншылардың жалақысын төлеуге жұмсалып келді. Алайда жақын арада күшіне енетін заңға сәйкес, шетелдік ойыншыларға мемлекет қаржысынан жалақы төлеу тоқтатылады. Енді тек Қазақстандық ойыншыларға ғана бюджеттен берілген қаражат есебінен жалақы төленеді. Бұл шешім клубтарды қиын жағдайға қалдырады. Қазіргі таңда Қазақстан клубтарының ішінде тек қызылордалық «Қайсар» легионер алудан бас тартты. Бірақ бұл шешімді клуб емес, облыс әкімдігі қабылдаған көрінеді.

«Қайрат», «Ақтөбе», «Астана», «Елімай» сияқты командалар легионерлерге жалақы төлеуге қаржы табуы мүмкін. Бірақ тек ақпараттық серіктестігі ғана бар «Қызылжар» оларды қалай қаржыландырмақ? Жейдесінде бірде-бір демеушісі жоқ «Тұран» қаражатты қайдан алады? Бюджеті ең аз клубтардың бірі – «Оқжетпес» ше? Көкшетаулық клубтың директоры Мұрат Тілешев бұл сұраққа былай жауап берді:

- Біз шетелдік ойыншыларға бюджеттік қаражат есебінен жалақы төлемейміз. Барлық төлемдер тек демеушілерден алынған қаражат есебінен жүргізіледі. Аз уақыттан кейін бұл шешімнің іске асқанын өздеріңіз көресіздер. Келіссөздер ақпан айынан бері жүргізіліп жатыр, - деді Тілешев Sports24.kz тілшісіне.

Алайда, жаңа заңға қарамастан, клубтар легионерлерді қатарға көптеп қосып үлгерді. Мәселен, «Қызылжар», «Қайрат», «Ақтөбе», «Елімай», «Астана» командалары 11 шетелдік ойыншыны құрамына қосты. «Ордабасы», «Атырау», «Тұран» клубтарында 9 легионерден бар. «Жеңіс», «Ұлытау», «Жетісу» клубтарында 6 шетелдік ойыншы болса, «Оқжетпес» сапында 3 легионер ойнайды.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев клубтардың 2025 жылдан бастап легионерлермен келісімшарт жасамауы керектігін жақсы білгенін айтты:

– Қазір ойнап жүрген легионерлердің келісімшарттары мерзімі аяқталғанға дейін күшінде болады. Бірақ одан кейін мемлекет қаржы бөлмейді. Біз бұл мәселені 2024 жылдың ортасынан бері талқылап келе жатқандықтан, клубтар 2025 жылдан бастап легионерлермен мемлекеттік бюджет арқылы келісімшарт жасамауы керектігін жақсы білді, – деді вице-министр.

Серік Жарасбаевтың айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионатында жалпы 325 футболшы өнер көрсетсе, олардың 149-ы Қазақстан азаматы емес. Яғни, шетелдік ойыншылар лиганың 45-50 пайызын құраған.

Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie