Килиан Мбаппе Ла Лиганың алғашқы матчында «Реалды» масқарадан құтқарды
Мадридтік «Реал» жаңа маусымды жеңіспен бастады. Ла Лиганың алғашқы турында «Сантьяго Бернабеуде» Хаби Алонсоның шәкірттері «Осасунаны» 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Жалғыз әрі шешуші голдың авторы – Килиан Мбаппе. Француз жұлдызы пенальтиден дәл соққы жасап, мадридтік команданың алғашқы үш ұпайын сыйлады. Алғашқы 45 минутта «Реал» толықтай басым болды: допты ұзақ уақыт ұстап, бірнеше қауіпті соққы жасады. Дегенмен, «Осасунаның» тығыз қорғанысы мен қақпашы Эррераның сенімді ойыны есеп ашуға мүмкіндік бермеді. Барлығы екінші таймда шешілді. 51-минутта Килиан Мбаппе айып алаңына жасалған жойқын жүгіруімен қорғаушыны алдап өтіп, өз пайдасына пенальти алды. Сол сәтте алаңдағы жауапкершілікті өз мойнына алған француз жұлдызы допты қақпаның бұрышына дәл бағыттап, қақпашыны қимылсыз қалдырды.
Ла Лига, 1-тур
«Реал Мадрид» — «Осасуна» 1:0
Гол: Килиан Мбаппе (пенальти), 51
Алаңнан қуылды: Абель Бретонес, 94
Келесі турда «Реал» 25 тамыз күні сырт алаңда «Реал Овьедомен» кездеседі. Ал «Осасуна» 24 тамызда өз жанкүйерлерінің алдында «Валенсияға» қарсы ойнайды.