Кевин де Брюйне маусым соңында «Манчестер Ситиден» кетеді
Бельгиялық жартылай қорғаушы Кевин де Брюйне осы маусымнан кейін «Манчестер Ситиден» кететін болды.
Бұл туралы 33 жастағы ойыншы әлеуметтік желідегі парақшасында маусым соңында клубпен қош айтысатынын хабарлады.
«Манчестер Сити» мен Кевин арасындағы келісімшарт мерзімі ары қарай созылмайтын болды. Футболшы жазда еркін агент ретінде басқа клубқа ауысады.
Бұған дейін ойыншыға саудиялық бірнеше клубтың қызығушылық танытып жатқаны белгілі болған еді. Футболшы да мансабының соңында ақша табу үшін саудилық клубтарға ауысуды жөн санайтынын айтқан еді.
Кевин де Брюйне «Манчестер Сити» сапында 413 матчта 106 гол соғып, 174 нәтижелі пас берді. Алты рет АПЛ чемпионы атанды, Чемпиондар лигасын жеңді. Требл жасады. Жалпы, 16 трофей жеңіп алған.