Ислам Чесноков Қазақстанның сенсациялық клубында қонақта болды
Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков «Алтай» клубының базасына барып қайтты, деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.
«Алтайдың» инстаграм парақшасында танымал футболшының өскемендік жастар командасына барып, жас дарындарға өз кеңестерін берген бейнежазба жарияланды.
«Біздің футбол орталығының түлегі, Қазақстан ұлттық құрамасының қазіргі шабуылшысы — Ислам Чесноков жас ойыншыларымызбен кездесті.
Бұл кездесу жас спортшылар үшін үлкен мотивация болды.
Ислам кәсіби жолындағы қиындықтар мен жеңістері жайлы шынайы бөлісіп, табанды еңбек, тәртіп пен күнделікті жаттығудың маңыздылығын атап өтті.
Жас футболшылар өз кумиріне сұрақтар қойып, жеке кеңестер алды және болашақ мансаптары үшін пайдалы техникалық әрі тактикалық ұсыныстар естіді», — деп жазды Өскемен клубының инстаграм парақшасы.
Чесноков 2020 жылға дейін «Алтай» сапында ойнаған, кейін Беларусьтің «Белшина» клубына ауысты.
Бұған дейін Чесноковтың жақын арада Шотландияның «Хартс» клубына ауысуы мүмкін екені хабарланған болатын.
Өткен маусым қорытындысы бойынша, Бірінші лигада «Алтай» сенсациялық түрде ҚПЛ-ға жолдама алды.