Іске аспаған мүмкіндіктер мен аптап ыстық: Карпович «Ұлытаумен» болған тең ойынның себебін түсіндірді
«Елімай» командасының бас жаттықтырушысы Андрей Карпович ҚПЛ-дің 16-турында «Ұлытаумен» тең аяқталған (1:1) ойынды қорытындылап, нәтижеге көңілі толмағанын жеткізді. Маманның айтуынша, команда тек жеңіс үшін келген, алайда сәтсіз мүмкіндіктер мен ауыр жағдайлар өз әсерін тигізген.
«Бүгінгі нәтижеге көңіліміз толмады. Біз Жезқазғанға үш ұпай үшін келгенбіз. Мұндай жауапты сәттерде жеңіске жету үшін сапалы ойын көрсету қажет. Өкінішке қарай, бүгін біз бұл мақсатқа жете алмадық. Мүлде басқа нәтижеге үміт артқан едік», - деді Карпович.
Бапкер бірінші таймдағы сәттерге де жеке тоқталды:
«Бірінші таймда көптеген шабуылдарымыз болды. Бір метр жерден де гол соға алмадық - бұл деңгейде мұндай мүмкіндіктерді жіберіп алмау керек».
Сонымен қатар, ол матч өткен алаңның сапасы мен ауа райының қиындығын ерекше атап өтті:
«Мұндай жағдайда ойнау өте қиын. Қапырық ыстықта кондиционерсіз киім ауыстыратын бөлмеден шығып, синтетикалық газонда ойнау – бұл кімге қажет? Осындай ауа райында жасанды жабын – футболымызды құртып жатқан факторлардың бірі».
Осы ойыннан кейін «Ұлытау» 13 ұпаймен турнир кестесінде 11-орында тұр. Ал «Елімай» 25 ұпай жинап, бесінші сатыда орналасқан.