Қымбат баға мен төмен қолжетімділік. ӘЧ-2026 билеттері төңірегінде қызу талқылау басталды
ФИФА 2026 жылғы әлем чемпионатының матчтарына билеттердің сатылымын ресми түрде бастағанымен, көп ұзамай өзі-ақ даудың ортасында қалды. Футбол мерекесін күткен жанкүйерлер бұл жолы қуаныштан гөрі, шектен тыс жоғары бағаға тап болды.
ФИФА дерегіне сүйенсек, билеттерге ең жоғары сұраныс турнирді қабылдайтын елдерде - АҚШ, Канада және Мексикада байқалған. Сондай-ақ ең белсенді елдердің қатарында Колумбия, Англия, Эквадор, Бразилия, Аргентина, Шотландия және Германия бар. Алайда алғашқы қызығушылық тез арада наразылыққа ұласты.
Ең үлкен резонанс әлем чемпионатының финалына арналған билеттердің бағасынан туындады. Тіпті «ең қолжетімді» санаттың өзі 4185 АҚШ долларынан басталады. Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатының финалына ең арзан билет шамамен жеті есе арзан болған.
Халықаралық жанкүйерлер ұйымдары бұл жағдайға байланысты қатаң мәлімдемелер жасап үлгерді. Олар билеттердің сатылымын уақытша тоқтатуға шақырып, қолжетімді бағаның жоқтығы - әлем чемпионатының рухына қарсы және қарапайым жанкүйерлерді елемеудің айқын көрінісі екенін атап өтті. Өйткені дәл сол жанкүйерлер онжылдықтар бойы футболдың басты мерекесінің атмосферасын қалыптастырып келген.
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Бұл турнир тарихта алғаш рет 48 ұлттық құраманың қатысуымен ұйымдастырылады. Қатысушылардың толық тізімі наурыз айының соңында, плей-офф матчтарынан кейін белгілі болады - әзірге алты жолдама бос тұр.