locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Иесі бардың – еркі бар». Қазақстанда «Қайраттың» матчтарына қойылған жоғары бағаға түсініктеме берілді

Дидар Сыдықбеков «Қайраттың» матчтарына қойылған билет бағасына қатысты сынға жауап берді
Футбол
Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
«Иесі бардың – еркі бар». Қазақстанда «Қайраттың» матчтарына қойылған жоғары бағаға түсініктеме берілді
ФОТО: inform.kz

«Тараз» клубының директоры Дидар Сыдықбек Sports24.kz YouTube-арнасында шығатын A2 подкастында «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы үй матчтарына қойылған билет бағаларына және жанкүйерлер реакциясына қатысты пікір білдірді.

Сыдықбектің айтуынша, атауы зор қарсыластармен өтетін кездесулерге деген қызығушылықтың күрт артуы – түсінікті құбылыс. Алайда футбол экономикасының ішкі тетіктері кейде трибунадағы күткен әсерден әлдеқайда күрделі.

«Реалмен» ойын болса, адамдар билетті бір миллион теңгеге де алуға дайын болар еді, стадион бәрібір лық толар еді. Бірақ әр клуб – өз қожайыны. Мүмкін, бұл қаржы клубтың дамуы үшін шынымен қажет шығар. Бұл әрдайым таңдау: не алға қадам жасау, не жағдайды қолдан ушықтыру. Мен жанкүйерлердің ренішін де, эмоциясын да түсінемін. Бірақ сонымен қатар, клубтар енді ғана өз жолын бастап жатқанда, жанкүйерлер қолдау көрсетсе деймін», – деді Сыдықбек.

Ол футболдың идеал жағдайда қолжетімді болуы керектігін де атап өтті. Трибуналар тек қарсыластың атына емес, тірі қызығушылық пен тұрақты мәдениетке толуы тиіс.

«Билет мың теңге болсын, екі мың, бес мың болсын – ең бастысы, халық стадионға келсін. Бізде көбіне билет табу үшін таныс іздеп, бір-біріне қоңырау шалуға үйреніп кеткен. Ал қарсыласты әкелу, логистика, ұйымдастыру қанша шығын екенін көп адам ойлай бермейді. Клубтар көбіне билеттен түскен табысқа сүйеніп, тым болмаса үлкен минусқа кетпеуге тырысады. Сондықтан мен «Қайратты»айыптамаймын: егер ондай баға қойылса, демек соған негіз болған себеп бар», - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, «Қайрат» – «Реал» матчына билеттердің бағасы 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін жетті. Ұқсас баға саясаты «Пафосқа» қарсы ойында да қолданылды. Ал Астанада билеттер арзандатылып, 15–50 мың теңге аралығында сатылды. Соған қарамастан, «Олимпиакоспен» өткен кездесу шамамен 19 мың көрермен жинады.

Айта кетейік, бұған дейін Дидар Сыдықбек «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбековтің болашағы жөнінде де пікір білдірген болатын.

Дидар Сыдықбеков қатысқан подкасттың толық нұсқасын Sports24.kz YouTube-арнасынан көруге болады.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie