locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Халықаралық үзіліс қарсаңында «Қайраттың» Конференция лигасындағы қарсыластары чемпионатта қалай өнер көрсетті?

«Аталантаны» да, «Мьельбюді» де қиын кезең қоршаған, ал «Панатинаикос» барлық матчта жеңіске жетті
Халықаралық үзіліс қарсаңында «Қайраттың» Конференция лигасындағы қарсыластары чемпионатта қалай өнер көрсетті?
ФОТО: Кайрат

21 қыркүйекте Еуропа чемпионаттарында ұлттық құрамалар матчтарына байланысты ұзақ үзіліс басталды. Бұл үзіліс Конференция лигасының негізгі кезеңіндегі «Қайрат» қарсыластарының ішкі біріншіліктердегі маусымды қалай бастағанын саралауға жеткілікті ақпарат береді. Sports24.kz осыған талдау жасап көрмек.

«Рига», «Мьельбю»: ҚПЛ үлгісіндегі чемпионаттар

Алдымен «Рига» мен «Мьельбюді» бөлек атап өтейік. Латвия мен Швеция чемпионаттары Қазақстандағыдай «көктем — күз» жүйесімен өтеді. Сондықтан бұл командалар үшін ішкі біріншіліктердегі маусым мәресіне жақындап қалды.

«Рига» РФШ-мен бірге чемпиондық үшін қызу күрес жүргізіп жатыр. Соңғы бес ойында команда екі жеңіс, екі тең ойын және бір жеңіліс тіркеді. Көшбасшыдан бір ұпай ғана қалып келеді, алайда бір матч артық өткізген.

Ал былтырғы сенсациялық Швеция чемпионының жағдайы өте мүшкіл. 22 матчтан кейін «Мьельбю» жоғары лигада қалу үшін күресіп жатыр: команда 12-орында және плей-офф аймағынан небәрі үш ұпай алда. Швед клубы чемпионаттағы соңғы бес матчта тек екі рет тең түсіп, үш ойында жеңілді.

«Мьельбю» 15 тамыздан бері жеңіс дәмін сезінген жоқ. Бір қызығы, команда сол кезде сенсациялық түрде көш бастап тұрған «Сириусты» хоккей есебімен — 4:3 ұтқан еді.

«Аталанта»: А сериясындағы апатты бастама

«Бергамаскілер» осы маусымда жеті матч өткізіп, оның үшеуінде ғана жеңіске жетті. Жеңістердің бірі Конференция лигасының іріктеу кезеңіндегі «Хапоэльге» қарсы матчта тіркелді (1:0), ал маусымдағы жалғыз тең ойын да израильдік командамен кездесуде болды — 0:0.

А сериясындағы матчтарда ымыра болған жоқ: алғашқы екі турда Маурицио Сарридің командасы «Сассуоло» мен «Болоньяны» тиісінше 2:1 және 1:0 есебімен жеңсе, халықаралық үзіліс қарсаңында қатарынан үш матчта жеңілді. «Рома» мен «Кальяриге» қарсы ойындарда есеп 1:2 болса, «Ювентусқа» 0:2 есебімен жол берді. Алты ұпай жинаған «Аталанта» турнир кестесінде небәрі 11-орында тұр.

«Панатинаикос»: 13 матчтағы керемет форма

«Қайраттың» грек қарсыласы маусымды 23 шілдеде Конференция лигасының іріктеу кезеңіндегі матчтармен бастады. Алты ойында бірде-бір рет жеңілген жоқ, алайда негізгі уақытта бес рет тең ойнап, бір ғана жеңіске жетті.

«Панатинаикос» 31 тамызда «Левадикосқа» қарсы матчпен басталған жергілікті Суперлига алдындағы күшін үнемдеген сияқты. Содан бері Афина клубы ішкі аренада жеті матч өткізіп, жетеуінде де жеңіске жетті. Оның бесеуі чемпионат аясында, соның ішінде ПАОК-қа қарсы 3:1 есебімен тіркелді. 15 ұпай «Панатинаикосқа» халықаралық үзіліске Суперлиганың абсолютті көшбасшысы ретінде аттануға мүмкіндік берді.

«Твенте»: топ-3 үшін тым көп ұпай жоғалтты

«Твенте» Нидерланд чемпионатында жеті матч өткізіп үлгерді. Команда осы ойындардың екеуінде ғана жеңіске жете алмады: «Гронингенмен» 2:2 есебімен тең түсіп, «Херенвенге» 0:1 есебімен жол берді. Жеті турдан кейінгі 16 ұпай аз көрсеткіш емес сияқты, бірақ Эредивизи үшін бұл жеткіліксіз. АЗ, «Фейеноорд» және ПСВ ұпайды сирек жоғалтқандықтан, «Твенте» әзірге төртінші орынмен шектеліп отыр.

Айтпақшы, «Твенте» еурокубоктардың іріктеу кезеңінде тағы екі рет жеңілді. Алдымен Еуропа лигасының іріктеуінде «Ференцварошқа» есе жіберіп, венгрлерге жолдама берді. Кейін Конференция лигасының іріктеу кезеңіндегі плей-офф раундының алғашқы матчында «Қарабақтан» жеңілді. Алайда қарымта кездесуде Агдам клубын 4:1 есебімен ұтып, турнирдің негізгі кезеңіне шықты.

«Университатя» Крайова: еурокубоктарда — сәтсіз, чемпионатта — жағдай жақсырақ

«Университатя» үшін маусым 8 шілдеде Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі матчтармен басталды. Сондықтан Румыния чемпионы екі жарым айдың ішінде лайықты ойын ырғағын жинап үлгерді.

Крайова клубы маусымдағы алғашқы халықаралық үзіліске дейін 18 матч өткізіп, Конференция лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды және чемпионатта үшінші орынға жайғасты. Жергілікті Суперлигадағы он ойында «Университатя» алты рет жеңіске жетіп, екі рет тең түсті және екі матчта жеңілді.

Ішкі аренадағы екі жеңілістің бірі турнир кестесінің көшбасшысы — Бухарестің «Динамосына» қарсы ойында тіркелді. Ол чемпионды 5:1 есебімен тас-талқан етті. Дегенмен «Университатя» екінші таймды ойыншы аз құрамда өткізгенін де атап өткен жөн.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie