Футболдан ән маңызды ма? «Жеңіс» пен «Оқжетпес» арасындағы ойын күні Джей Лоның шоуына байланысты өзгерді
Қазақстан Премьер-лигасының күнтізбесіне тағы да түзетулер енгізілді. Бұл жолы өзгеріс «Жеңіс» пен «Оқжетпес» арасындағы 18-тур ойынына қатысты. Астаналық клубтың ресми хабарлауынша, кездесу 25 шілдеде «Астана Арена» стадионында өтеді. Ойын жергілікті уақытпен сағат 19:00-де басталады.
Бұған дейін матч 27 шілдеге жоспарланған еді. Алайда 1 тамыз күні осы стадионда өтетін Дженнифер Лопестің концертіне дайындық жұмыстарына байланысты ойын мерзімі алға жылжытылды. Осыған ұқсас себеппен «Астана» мен молдовандық «Зимбру» арасындағы Конференциялар лигасының матчтарының да орны алмастырылған болатын.
Қазіргі таңда турнир кестесінде «Жеңіс» 16 турдан кейін 20 ұпаймен сегізінші орында тұр. Ал «Оқжетпес» 24 ұпаймен алтыншы сатыда. Қос команда да маусымның шешуші бөлігінде үздік алтылыққа ену үшін талас жүргізіп жатыр. Алдағы кездесу екі клуб үшін де маңызды сынақ болмақ.