ФИФА Египет құрамасын 2026 жылғы ӘЧ алдында жейдесін өзгертуге мәжбүрледі
Египет құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының алдында күтпеген мәселеге тап болды. ФИФА ұлттық командадан жейдедегі жеті жұлдыз бен ойыншылардың есімі мен нөміріндегі алтын түсті өзгертуін талап етті, деп хабарлайды Sports24.kz.
ФИФА Египет құрамасына 2026 жылғы әлем чемпионаты басталар алдында ойын жейдесіндегі кей элементтерді ауыстыру туралы ресми талап жолдады. Daily Sports дерегінше, ұйым ұлттық команданың эмблемасының үстіндегі жеті жұлдызды алып тастауды сұрады.
Сонымен қатар, ФИФА футболшылардың есімі мен жейдедегі ойын нөмірлерінде қолданылған алтын түсті өзгертуді талап етті. Осылайша, Египет тарапы турнир басталардан бұрын экипировкаға түзетулер енгізуге мәжбүр болады.
Бұл шешімнің себебі — ФИФА регламентінде. Ұйымның ережесіне сәйкес, ұлттық құрамалардың жейделеріндегі жұлдыздар тек әлем чемпионатындағы жеңістерді ғана білдіре алады.
Египет жейдесіндегі жеті жұлдыз Африка ұлттар кубогындағы рекордтық жеті жеңісін білдіреді. Египет — құрлықтың басты турнирі тарихындағы ең титулды команда.
Алайда әлем чемпионатына мұндай символика сәйкес келмейді. Египет ешқашан мундиаль жеңіп көрмегендіктен, ФИФА жұлдыздарды жейдеден алып тастауды талап етті.
Есімдер мен нөмірлердегі алтын түске қатысты да бөлек талап қойылды. Ұйым топтық кезең матчтарына дейін бұл түсті де өзгертуін сұрады.
Енді құрама жейдені регламент талаптарына жедел сәйкестендіруге кіріседі. Бұл уақытта команданың өзі алғашқы ойынға дайындықты жалғастырып жатыр, онда оларды Бельгия құрамасы күтіп тұр.
Египет құрамасы — Африка ұлттар кубогының жеті дүркін чемпионы, алайда әлем чемпионатында жеңіске жеткен емес. 2026 жылғы ӘЧ-де Мысыр Бельгия, Жаңа Зеландия және Иран командаларымен бір топта ойнайды. Турнир басталар алдында ФИФА команда жейдесіндегі жеті жұлдызды алып тастап, есім мен нөмірлердегі алтын түсті өзгертуін талап етті.