ФИФА 2026 жылғы ӘЧ кестесін жариялады: матчтарды таңертең ерте көру керек болады
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінің кестесін жариялады. Турнир 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.
Әлемдік доданың тарихында алғаш рет 48 құрама бақ сынайды. Олар төрт командадан 12 топқа бөлінеді.
Топтық кезеңнің барлық матчтары Астана уақытымен таңертең және күндіз, 00:00-ден 12:00-ге дейін өтеді. Мысалы, Англия – Хорватия кездесуі Астана уақытымен 04:00-де басталады, ал Өзбекстан – Колумбия матчы – 10:00-де. Әлем чемпионатының финалы Астана уақытымен 03:00-де басталады.
Турнирдің ашылу матчы 11 маусымда Мехикодағы «Ацтека» стадионында өтеді: алаң иелері Мексика мен ОАР құрамалары кездеседі.
Плей-офф кезеңіне әр топтан үздік екі команда, сондай-ақ үшінші орын алған сегіз үздік құрама шығады. Әлем чемпионатының финалы Нью-Йорк маңындағы Ист-Ратерфорд қаласындағы «Метлайф» стадионында өтеді. Қазіргі әлем чемпионы – Аргентина құрамасы.
