ҚФФ Тәртіптік комитеті Швырёвті екі ойынға шеттетіп тастады
Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитеті «Ордабасы» жартылай қорғаушысы Вячеслав Швырёвті екі матчқа дисквалификациялау туралы шешім қабылдады.
Бұл жаза ойыншының КПЛ-2025 екінші турында «Қайратқа» қарсы өткен кездесуде (0:4) алаңнан қуылуына байланысты тағайындалды.
Ойынның 85-минутында Швырёв өрескел тәртіп бұзып, шамадан тыс күш қолданғаны үшін қызыл қағаз алды. Осыған байланысты КФФ шешімімен 24 жастағы футболшыға екі матчтық жаза берілді.
Швырёв үшінші турдағы «Қызылжарға» қарсы ойынды (0:0) жіберіп алды және 5 сәуірде өтетін төртінші турда «Астанаға» қарсы матчта да алаңға шыға алмайды.
Вячеслав Швырёв 2025 жылдың қаңтарында «Ордабасы» ойыншысы атанып, команда сапында екі матч өткізді. Қазіргі уақытта шымкенттік клуб үш турдан кейін небәрі екі ұпай жинап, турнирлік кестенің соңғы сатысында тұр.