ҚФФ 2030 жылға дейінгі футболды дамыту стратегиясын ұсынды. Басты бағыттар белгілі болды
Әйелдер футболы жеке бағыт ретінде бөлінді
Футбол
Жантөре Қайсаров
Редактор
ФОТО: КФФ
Қазақстан футбол федерациясы 2025-2030 жылдарға арналған футболды дамыту жоспарын таныстырды. Футбол басшылары қандай басымдықтарды таңдағаны мәлім болды.
Кездесу барысында ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скрутул бес негізгі бағытты атап өтті:
- Футболды танымал ету: 2030 жылға қарай футболмен тұрақты айналысатын қазақстандықтардың саны 1,5 миллионға жетуі тиіс. Осы мақсатта ҚФФ мектептер мен колледждердегі бағдарламаларды кеңейтуді, әуесқойлар мен балалар-жасөспірімдер жарыстарын қайта ұйымдастыруды көздейді.
- Футболды цифрландыру: барлық футболды бір жүйеге біріктіретін KFF Digital Football Hub экожүйесін іске қосу. Бұл жоба кезең-кезеңімен енгізіліп, 2030 жылға қарай толық жұмыс істейтін болады.
- Жаттықтырушыларды оқытудың жаңа стратегиясы: УЕФА-ның В және С санатындағы бағдарламаларын кеңейту, аймақтық бапкерлердің санын арттыру және онлайн-оқуға қолжетімділікті жеңілдету.
- Ұлттық және жасөспірімдер құрамалары үшін бірыңғай жүйе: барлық құрамалар бір әдістемелік жүйеге біріктіріліп, U-15 құрамасынан бастап ұлттық құрамаға дейін бірізділікпен өтуді қамтамасыз етеді.
- Әйелдер футболы – жеке басымдық: барлық жас санатындағы құрамалар үшін толыққанды дайындық жүйесі құрылады.
Соңында, aladop.kz хабарлағандай, Скрутул бұл даму жоспары қазақстандық футболда жаңа кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті.