FA Мудрикті допинг қолданды деп айыптады: «Челси» жартылай қорғаушысы төрт жылға дейін футболдан шеттетілуі мүмкін
Англия футбол қауымдастығы (FA) Лондонның «Челси» клубының және Украина құрамасының жартылай қорғаушысы Михаил Мудрикке ресми түрде антидопинг ережелерін бұзғаны үшін айып тақты. Тергеуге себеп - 2024 жылдың соңында алынған допинг сынамасынан мельдонийдің анықталуы. Бұл зат Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) тыйым салған тізімде тұр.
FA мәлімдемесіне сәйкес, Мудрикке антидопинг кодексінің 3 және 4-баптары бойынша айып тағылып отыр. Бұл баптар тыйым салынған затты қолдану және/немесе ағзада анықтауға байланысты жауапкершілікті қарастырады. Егер айып дәлелденсе, ойыншы төрт жылға дейін футболдан шеттетілуі мүмкін -яғни, ол 2028 немесе 2029 жылға дейін алаңға оралмауы ықтимал.
Айта кетейік, бұл жағдай 2024 жылдың соңында орын алған. Сол уақыттан бері Мудрик ресми ойындарға да, командалық жаттығуларға да қатыспай келеді. Оның соңғы матчы қараша айында өткен — Конференциялар лигасындағы «Хайденхаймға» қарсы кездесуде гол соққаннан кейін, футболшы толыққанды үзіліске кетті.
Ойыншы өз құқығын қорғау үшін спорттық құқық саласында маманданған Morgan Sports Law компаниясын тартты. Бұл фирма 2024 жылы допинг дауында Поль Погбаның ісін де қорғап, Спорттық төрелік соты (CAS) арқылы француз футболшысының дисквалификация мерзімін 4 жылдан 18 айға қысқартуға қол жеткізген болатын.
Қазіргі таңда «Челси» клубы да, ойыншының заңгерлері де бұл жағдайға байланысты ресми түсініктеме берген жоқ.