Евгений Макаренко: Қазіргі «Ордабасы» - мен 2023 жылы келген клубтың қарама-қарсы бейнесі


Қазіргі таңда Қазақстан чемпионатында бес украиналық футболшы тіркелген. Бұл көрсеткіш, шын мәнінде, алтыға жетуі әбден мүмкін еді. Алайда белгісіз себептермен шымкенттік «Ордабасы» командасы жартылай қорғаушы Евгений Макаренконы жаңа маусымға тіркемей қойды.
Осы жағдайдың мән-жайын нақтылау мақсатында Sports24.kz порталы Украина құрамасының бұрынғы ойыншысымен тікелей байланысқа шықты.
– Евгений, ел біріншілігі басталды, бірақ сен «Ордабасы» сапында жоқсың. Бұл қалай болды?
– Бұл менің өзім үшін де түсініксіз жағдай. Бір күні клуб басшылығы маған жаттығу процесіне қатысуға болмайтынын мәлімдеді. Осы арқылы олар менің өз еркіммен кетуімді қалаған сыңайлы. Бірақ нақты себеп туралы үш ай бойы ешқандай жауап алған жоқпын.
Мен өзім клуб кеңсесіне бірнеше мәрте барып, жағдайды анықтауға тырыстым. Алайда ешкім нақты ештеңе айтпады. Керісінше, «ауырып қалдың» деген сияқты сылтаулар айтылды. Бірақ, менде барлық жаттығулар туралы мәліметтер сақтаулы. Қай күндері қатыстым, қандай нәтижелер көрсетті дегендей. Ол деректерге қарап-ақ менің командадағы үздіктердің қатарында болғанымды көруге болады.
Мұндай сылтауларды футболдан хабары жоқ адамдарға айтуға болатын шығар. Ал бұл саланың ішкі асханасын жақсы білетін мамандар мұның бәрін бірден түсінеді.
– Бұл жағдайға бас бапкер Андрей Мартиннің көзқарасы қандай болды?
– Ол да ыңғайсыз жағдайдың ортасында қалды. Бас бапкер тарапынан маған ешқандай шағым немесе реніш болған жоқ. Керісінше, бірнеше рет әңгімелестік, және ол менің футболға деген көзқарасым мен кәсіби дайындығымды толық қолдайтынын айтты. Бірақ, өкінішке қарай, бұл мәселе оның құзыретіне кірмейтін еді. Барлық шешім жоғары жақтан қабылданды, ал ол бұл іске араласа алмады.

– Сені жаттығуға қатыстырмай қойған кезде, командадағы жігіттердің реакциясы қандай болды?
– Командадағы достарым бұл жағдайға бей-жай қараған жоқ. Олар не болып жатқанын сұрап, қолдау көрсетті. Мен ұжыммен әрқашан тығыз қарым-қатынаста болдым. Біз бір команда болып, талай қиындықтан өттік, ел чемпионы атандық… Сондықтан бұл шешім барлығы үшін күтпеген жайт болды. Әрине, ешкім басшылыққа қарсы шыққысы келмеді - бұл да түсінікті. Себебі мұндай жағдайда ашық әрекет ету оңай емес.
– Жалпы, «Ордабасыдағы» соңғы кезеңің сәтсіз аяқталғанына қарамастан, Қазақстандағы тәжірибеңе қандай баға бересің?
– Мен Қазақстанда өткізген уақытымды жоғары бағалаймын. Бұл жерде үлкен тәжірибе жинадым. Біз клуб тарихында алғаш рет Шымкентке чемпиондық атақты әкелдік. Бұл – мәңгілікке есте қалатын жетістік. Сол сәттің бір бөлшегі болғаныма шексіз қуанамын. 2023 жылы клубқа келгенімде мені туғандай қарсы алды (күліп). Сол кезеңде клубта жұмыс істеген менеджерлерге, бапкерлерге, селекционерлерге үлкен ризашылығымды білдіремін. Олар әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп отырды. Тек, өкінішке қарай, бәрі осындай жағымсыз нотаға аяқталды.
– Сеніңше, осындай жағдай не үшін орын алды?
– Шынымды айтсам, бұл мені командадан кетіру үшін әдейі жасалған әрекет деп ойлаймын. Жалақымды төлемеді, жаттығуға қатысуыма тыйым салынды. Олар менің өз еркіммен кетемін деп үміттенген болар. Бірақ мен, керісінше, кәсіби міндеттерімді соңына дейін орындауға тырыстым. Барлығын таза ниетпен істедім, ешкімге өкпе артпаймын.

– Бұл жағдай клубтың шығындарды азайтуымен байланысты деуге келе ме?
–Нақты айта алмаймын. Шынымен білмеймін. Футболда әр ойыншының өз құны бар. Бұл – қалыпты дүние. Мен ешқашан өзге біреудің жалақысына қызыққан емеспін. Қай командаға ұсыныс түссе де, тек өзіме ұсынылған шарттарға қарап шешім қабылдайтынмын.
«Ордабасыға» келмей тұрып, Еуропадан ұзақмерзімді келісімшартқа ұсыныс болған. Бірақ, мен 15-те емеспін ғой. Мен жарты жыл сайын клуб ауыстырып жүретіндей жаста емеспін. Менің отбасым, балаларым бар. Оларға ең бастысы – тұрақтылық. Сол себепті мен өз таңдауымды «Ордабасының» пайдасына жасадым және бұл шешіміме еш өкінбеймін. Алайда кейінгі қарым-қатынас… оны сипаттау қиын. 2023 жылы мен мұндай клубқа келген жоқ едім.
Егер клуб расында шығынды азайтқысы келсе, оны ашық, өркениетті түрде жүзеге асыруы керек еді. Қазір бұл тақырыпқа терең үңілгім де келмейді. Себебі менің жағдайым ақылға қонымсыз сипатқа ие болды.
Оның үстіне, бір жағынан шығын қысқартамыз деп айтып, екінші жағынан шетелдік футболшылармен келісімшарт жасасып, БАӘ-ге оқу-жаттығу жиынына бару – бұл өзара қарама-қайшы нәрсе. Бюджет үнемдейтін клуб осындай әрекетке бармайды.
– Келісімшартың қай уақытқа дейін жарамды?
– 2025 жылдың соңына дейін.
– Сонда сен бұл жағдайдың нақты себебін әлі күнге дейін білмейсің бе?
– Жоқ. Тек жорамалдай аламын. Мені команданың құрамынан әдейі шеттеткісі келді.
– Неге? Сен негізгі құрамда ойнадың ғой. Біреудің жолың кестің бе?
– Бұл сұрақты маған да талай адам қойды. Бірақ бүгінге дейін нақты жауап алған емеспін.

– Бұл оқиғадан кейін алдағы жоспарларың қандай?
– Мен бұл істі жай қалдырмаймын. Енді бұл мәселе заң аясында шешіледі. Себебі, клуб келісімшарттағы өз міндеттемелерін орындамады. Қазірдің өзінде төрт айдан бері жалақы алмадым, жаттығуға қатысуыма ешқандай түсініктеме берместен тыйым салынды. Мүмкін, клуб өкілдері менің ауырғанымды алға тартар, бірақ бұл екі апта ғана болды. Жоғарыда айтқанымдай, жаттығу барысы толық тіркелген, ал деректер жалған сөйлемейді.
Мен маусымға тіркелмедім. Иә, трансферлік терезе жабылардың алдында мені соңғы сәтте тіркегендей болды, бірақ бұл мәселенің түбін өзгертпейді.
Кейде жағдай тіпті күлкілі деңгейге жетті. Дубайдағы жиында жарақат алдым, алайда клуб дәрігерлері маған МРТ жасауға асықпады. Ал кәсіби клубтарда мұндай тексеріс бірден жасалуы тиіс. Ауырсыну жалғасып жатты, мен бірнеше рет тексерістен өткім келетінін айттым, бірақ нақты жауап болған жоқ. Содан кейін өз қаражатыммен МРТ жасатып, бұл туралы медициналық штабқа хабарладым. Кейін шығынды өтеуді сұрағанда, бастапқыда келіскенімен, уақыт өте келе ара-қатынасымыз суып, «өзің жасадың – өзің төлейсің» деген жауап алдым.
– Яғни, сен «Ордабасымен» келісімшартты бұзған жоқсың ба?
– Жоқ. Ешқандай келіссөз жүргізілген жоқ, ешбір құжатқа қол қойған емеспін. Енді бұл іспен заңгерлер айналысады.
– Сенің отандастарың Игорь Пластун мен Артем Бесединнің де клубтан кетуіне осы жағдай себеп болды деп ойлайсың ба?
– Жоқ. Олардың келісімшарттары аяқталды, ал клуб басқа бағытты таңдады. Игорьмен келіссөздер өткен жылдың соңында басталған, бірақ тез тоқтап қалды. Мен Пластунды жақсы танимын – ол нағыз кәсіби футболшы. Тіпті клуб президенті де оның кәсібилігі туралы жақсы пікірде болатын. Бірақ, көріп отырғаныңыздай, ол қазір Батыс Еуропада ойнап жүр.
– Маусым басталғалы «Ордабасы» турнирлік кестенің төменгі жағында. Жанкүйерлер бұл команданы фавориттердің қатарында көрген еді. Бұл жағдайға не себеп деп ойлайсың?
– Футболда ұсақ-түйек болмайды. Сәттілік оңай келмейді, оған лайық болу керек. Әділетсіз шешімдерге жол берілмеуі тиіс. Қаржылық жағдайға келсек, команда әлі 2023 жылғы чемпиондық маусым үшін уәде етілген сыйақыны толық алған жоқ. Еурокубоктағы өнеріміз үшін де тек жартысы төленді. Мұндай әрекеттер жазасыз қалмауы керек. Тағы да қайталап айтам – сәттілікке лайық болу қажет.
Осындай тұрақсыздық орын алса, оның салдары да болады. Ойыншылар мұның бәрін сезеді. Бұл олардың моральдық жағдайына тікелей әсер етеді. Футболға ғана бас қатырмай, еңбегің үшін тиесілі ақшаны сұрап жүруге мәжбүр боласың. Шымкент секілді үлкен қалада команда әрқашан жоғары орындарға таласуы тиіс. Жанкүйерлер бұған лайық. Олар әрдайым бізді қолдап отырды. Оларға алғысым шексіз.
Орын алған келеңсіз оқиғаларға қарамастан, мен бұл командаға әрдайым жанкүйермін. Команданың жағдайы тезірек оңалғанын тілеймін.
– Асхат Тағыбергенге не болды?
– Оның жағдайы менікімен өте ұқсас деуге болады. Қазақстан футболының символына айналған, ұлттық құраманың тірегі саналған Асхат бір күнде командадан шеттетілді. Бұл – сыпайылап айтқанда да, өте ұят әрекет. Тіпті бұл оның мансабындағы ең үздік маусым болған шығар. Ол бірнеше маңызды гол соғып, оннан астам нәтижелі пас берді. Бұл – кәсібиліктің үлгісі. Мен Асхатты қатты сыйлаймын, оған зор құрметпен қараймын және шынайы алғысымды білдіремін.
Ол да өз абыройын түсірмей, ешкімге алақан жаймай, басқа клубқа ауысып кетті. Бұл – нағыз ер азаматқа тән шешім.
– Жалпы, «Ордабасыда» басыңнан өткерген осындай жағдай мансабыңда бұрын болып па еді?
– Жоқ. Мұндай жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келіп отырмын. Мысалы, мен Бельгияның «Андерлехт» клубында ойнаған кезде Венсан Компани келді (қазіргі «Бавария» бапкері). Біз әлі күнге дейін жақсы қарым-қатынастамыз.
2020 жылы клуб жас ойыншыларға сенім артып, даму бағытын түбегейлі өзгертті. Сол кезде негізгі құрамға Жереми Доку («Манчестер Сити»), Алексис Салемакерс («Рома»), Самби Локонга («Севилья») сынды болашағы зор жастар тартылды. Сонымен қатар, өз академиясынан түлеп ұшқан Зено Дебаст («Спортинг») сияқты футболшыларға үлкен футболға жол ашылды. Бұл – логикаға сай, дұрыс шешім. Кейін «Андерлехт» бұл ойыншыларды тиімді трансферлеп, үлкен пайда тапты.
– Ал 27 жастан асқан ойыншыларға, оның ішінде өзіме де, клуб салқын қабақ танытқан жоқ. Керісінше, бізге жаңа команда табуға көмектесті. Осылайша, бәрі риза қалды, әркім өз жолымен кетті. Мен нағыз кәсібиліктің көрінісі деп осыны айтар едім. Ал «Ордабасыда» ше? Бір адамның жеке қалауы болса жеткілікті – ешқандай түсініктемесіз-ақ, ойыншыны шетке ысырып тастай салады. Мұндай шешім қабылдайтын басшыларға деген құрмет жоғалады.
– Енді мансабыңды қалай жалғастыруды жоспарлап отырсың?
– Бұл жағдай мені шынықтырды. Қарапайым естілгенімен, бұл маған үлкен сабақ болды. Енді көп нәрсеге кәсіби көзқараспен, байсалды қарайтын болдым. «Ордабасыда» физикалық дайындық жаттықтырушысы тарапынан жақсы жұмыс жүргізілді, бұл маған ұнады.
Мен әлі де футбол ойнағым келеді, сүйікті ісіммен айналысқым келеді. Сондықтан кез келген жаңа ұсынысқа ашықпын. Ең бастысы – бабымды сақтау, өзімді үздік деңгейде ұстау және тұрақтылық пен кәсібилікке негізделген клубты таңдау.
– Бұл міндетті түрде Еуропа клубы болуы тиіс пе? Әлде Украинадан да ұсыныс түссе, қарастырасың ба?
– Мен өз алдыма нақты бір чемпионатта ойнау керек деген мақсат қойған емеспін. Тағы да қайталап айтам – мен үшін ең маңыздысы – тұрақтылық пен менің еңбегімді бағалайтын, кәсіби ниетпен қарайтын клуб. Сол кезде ғана мен өзімді толық көрсетуге дайын боламын.


Футбол
Бүгін 06:03
