locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Еуропаның ең үздік командасы: ПСЖ-ның тарихи маусымы қалай өтті

Футбол
Серик Амирбек
Серик Амирбек
Редактор
Еуропаның ең үздік командасы: ПСЖ-ның тарихи маусымы қалай өтті
ФОТО: Getty Images

2011 жылдың мамыр айында Qatar Sports Investments инвестициялық қоры «Пари Сен-Жермен» клубының 70 пайыздық акциясын сатып алды. Осы уақыттан бастап катарлық басқарушылар Франция астанасында өз ықпалын нық орната бастады. QSI келген бойда клубтың бағытын әйгілі есімдерге бұрды.

Осы он төрт жылдың ішінде катарлықтар әлемдік деңгейдегі бірнеше футбол жұлдызын қатарға қосты – Неймар, Килиан Мбаппе, тіпті Лионель Мессиді де. Алайда олардың ешқайсысы париждіктерді басты арманы – Чемпиондар лигасындағы жеңіске жеткізе алмады. Клуб өзінің ең табысты маусымын дәл сол футболшыларсыз, көпшілік үміт үзе қараған бапкермен және жаңа құраммен өткізді.

2023 жылдың шілдесінде ПСЖ клубы бас бапкерлікке Луис Энрикені шақырды. Бұған дейінгі жылдары париждіктер бапкерлерін соншалық жиі ауыстырғандықтан, көпшілік испан маманына үлкен үміт артпады. Оның үстіне, Луис Энрикенің Испания құрамасындағы қызметі де түрлі пікір туғызған еді.

Бір жағынан, Энрике бірнеше жас ойыншыны жаңа деңгейге көтере алды. Екінші жағынан, оның командасы допты көп иеленіп, сансыз пас жасап ойнағанымен, мұның барлығы нәтижеге – голға жеткізе бермейтін. Команданың ойынын мазмұнсыз деп сынағандар көп болды.

Ал ПСЖ сол кезеңде жұлдыз сатып алудан бас тартып, негізінен француз жас футболшыларына ден қоя бастады. Луис Энрике болса, жастармен жұмыс істей алатын ең үздік мамандардың бірі әрі батыл жобаларға ашық жаттықтырушы. Осылайша екі тараптың жолы түйісті. Энрике алғашқы маусымнан-ақ париждік клубқа өз көзқарасы мен ойын стилін енгізе бастады.

Кей сәттерде ПСЖ-ның ойыны Энрикенің бұрынғы командасы – Испания құрамасының атақты «пас арқылы тұншықтыру» тактикасын еске салатын. Десе де, бұл жолы командада мазмұн мен мән бар еді. Алайда Энрике өз ойын толық жүзеге асыра алмады. Себебі алаңда Килиан Мбаппе бар болатын. Қай бапкер келсе де, команда әрқашан жұлдыз ойыншыға – Мбаппеге пас шығарып отыруға мәжбүр еді. Бұл – жаңа бапкердің көңілінен шықпаған негізгі мәселе болатын.

Килиан Мбаппенің кетуі париждіктерге, дәлірек айтсақ, Луис Энрике үшін үлкен жеңілдік әкелді. Біріншіден, шабуылшының Мадридтің «Реалына» ауысуы бапкерге команданы өз қалауы бойынша құрауға мүмкіндік берді. Екіншіден, Мбаппе ойын тұрғысынан Энрикенің жүйесіне көбірек кедергі келтіріп жүрді десек, артық айтқандық емес.

Испан маманы Парижде допты бақылауға, жоғары прессингке негізделген шабуылдық футбол орнатқысы келді. Ал Мбаппе – алаңда соңғы болып допқа таласатын ойыншы. Луиске керегі – тек шабуылда ғана емес, қорғаныста да қажырлы еңбек ететін, қарсыласты тықсырып, допты тартып алуға тырысатын футболшылар еді.

ФОТО: Getty Images

Килиан кеткен соң, Энрике дәл өз ойындағы ПСЖ-ны құруға мүмкіндік алды. Бұл жолы команданың құрамында ғаламдық деңгейдегі жұлдыз болмады, яғни ешкімге бейімделудің қажеті жоқ еді. Бұл үдерісте трансфер саясаты шешуші рөл атқарды. Өткен жазда париждіктер қорғаушы Виллиан Пачоны (40 млн еуро), жартылай қорғаушы Жоау Невешті (60 млн) және қанат шабуылшысы Дезире Дуэні (50 млн) қатарға қосты.

ПСЖ-ның трансферлік ұстанымы айқын өзгерді: енді клуб атақты жұлдыздарға емес, жас әрі әлеуеті зор ойыншыларға назар аударатын болды. Осы үшеуінің ішіндегі ең үлкені – Пачо, жасы 22-де ғана. Ол тәжірибелі Маркиньоспен жұптасып, қорғаныста сенімді дуэт қалыптастырды – жас серпін мен тұрақтылық үйлесім тапты. Ал Невеш орталық алаңда негізгі фигураға айналып, әр ойында қарсылас қақпасына қауіп төндіріп отырды.

Бұл үш ойыншыдан бөлек, командада Брэдли Баркола мен Усман Дембеле де бар еді. Баркола – Мбаппенің орнын басуы тиіс болған ойыншы, бұл – кез келгеннің қолынан келмейтін тапсырма. Ал Дембеледен мүлде ешкім ештеңе күтпеді. Жанкүйерлер мен сарапшылар оның жарақаттары мен сырттағы әңгімелерінен шаршаған болатын. Міне, осындай – толық қалыптаспаған, әлеуеті бар, бірақ тәжірибесі аз жастармен және сенімсіз деп саналатын ойыншылармен жұмыс істеу Луис Энрикенің еншісіне тиді.

Осы жағдайды ескере отырып, ПСЖ-дан үлкен жетістік күткен ешкім болмағаны түсінікті. Бірақ Энрике өз ісін тоқтаусыз жалғастыра берді. Ең маңыздысы – клуб басшылығы оған сеніп, толық қолдау білдірді. Бұл аса маңызды жайт, себебі бұған дейін ПСЖ бапкерлерді жиі ауыстыратын. Бұл жолы олар сабыр танытып, Энрикені тыңдап, оған сенім артты – және бұл сенім ақталды.

Луис Энрике жетекшілік еткен екінші маусым – біріншісінен мүлде өзгеше өтті. ПСЖ Чемпиондар лигасында бірқалыпты нәтиже көрсете алмағанымен, ел чемпионатында ұзақ уақыт бойы жеңіліссіз өнер көрсетті. Лига 1-дегі алғашқы жеңіліс тек 25 сәуірде тіркелді. Ол сәтте клуб чемпиондықты мерзімінен бұрын қамтамасыз етіп қойған еді, сондықтан футболшылар сәл де болса босаңсыды.

Маусым бойына Энрике шәкірттері сенімдірек ойнап, біртұтас командаға айнала бастады. Бапкер өз бағытының дұрыстығына күн өткен сайын көз жеткізді. ПСЖ бұрын-соңды болмағандай біріге қимылдайтын ұжымға айналды. Олар шабуылды да бірге бастап, допты да бірге тартып алып, қарсыласқа қысым жасап, бірге гол соқты. Команда жоғары прессинг жасап, өз алаңындағы доппен ойнау санын азайтты.

Энрике келгелі бүкіл құрам ілгерілеу көрсетті. Нуну Мендеш пен Ашраф Хакими Еуропадағы ең үздік қос қаптал қорғаушысы атанды. Жоау Невеш пен Витинья орталық алаңда жүйе құрушы ойыншыларға айналып, плеймейкерлік қабілеттерін толықтай паш етті. Фабиан Руис «Наполидегі» шебер ойыншы екендігін тағы бір дәлелдеді, ал Джанлуиджи Доннарумма тыныштық пен сенімділіктің шынарлы символына айналды.

Алайда бапкер қол астында ең үлкен серпіліс жасаған ойыншылар – Усман Дембеле мен Дезире Дуэ болды. Дембеле Лига 1-дің үздік сұрмергеніне айналып, маусымдағы үздік нәтижесін тіркеді: барлық турнирде 33 гол мен 15 нәтижелі пас. Ал Дуэ біртіндеп жетіліп, өзінің шарықтау шегін Чемпиондар лигасының финалында көрсетті - дәл сол ойында ПСЖ миландық «Интерді» 5:0 есебімен талқандады.

ФОТО: Getty Images

Мбаппе кеткеннен кейін команда гол соғу көрсеткішін едәуір жақсартты: орта есеппен бір матчта 2,54 гол. Ал Килианмен бұл көрсеткіш тіпті екі голға да жетпейтін. Қорғаныста да айтарлықтай ілгерілеу байқалды: ПСЖ өткен маусымда орта есеппен 0,86 гол жіберсе, бұған дейін бұл көрсеткіш бірден жоғары болатын.

Ұжымдық ауызбіршілік пен тактикалық тәртіптің арқасында ПСЖ – үздіксіз прессинг жасайтын, шабуылға бағытталған нақты жүйеге айналды. Команда маусым бойы 184 айқын голдық сәт жасады – бұл «үлкен бестік» лигаларының ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Бұл жетістікке Хвича Кварацхелияның келуі де сеп болды. Грузиялық вингер маусым ортасында қосылғанымен, науқан соңында қарсыластарды оң қанатта тізе бүктіретін деңгейге жетті.

Энрике – жас, аш құрсақ таланттарды, өзін дәлелдеуге ынталы футболшыларды жинап, олардан чемпиондық сипаттағы ұжым құра білді. Енді ПСЖ-да ішкі жанжал да, ақпараттық шу да жоқ. Клуб өз мәртебесін нақты растады: париждіктер - бүгінде кез келген ұлы командамен терезесі тең ойнай алатын ұжым.

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде ПСЖ алдымен АПЛ-дың үздіктері – «Ливерпуль» мен «Арсеналды» жеңді. Кейін «Астон Вилла» мен «Интерді» жолдан тайдырды. Бұл - әсерлі тізім. Әсіресе, команданың орта жасы 24,4 екенін ескерсек. Қазіргі ПСЖ - Еуропаның бес мықты лигасындағы ең жас құрамдардың бірі. Сонымен қатар, олар бұл маусымда требл иегері атанды. Бұл команданың әлеуеті - нағыз үрей тудырарлық. Барлық мағынада.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie