Еурокубок шығысқа қайта оралды. «Елімай» Еуропаға жолдама жеңіп алды
Маусымның шешуші турында семейлік «Елімай» жанкүйерлеріне нағыз драма сыйлады. Өз алаңында өткен тартысты кездесуде команда «Атырауды» 3:2 есебімен тізе бүктіріп, келесі маусымда Қазақстанның атынан Еурокубокқа қатысу құқығын жеңіп алды.
Қонақтар ойынды белсенді бастады – 2-минутта Смыков есепті ашып, «Атырауды» алға шығарды (0:1). Дегенмен, «Елімай» тез ес жиып, 26-минутта Свиридов таразы басын теңестірді, ал арада алты минут өткенде Плакка командасын алға шығарды – 2:1.
Екінші таймда Дорофеев (56-минут) есепті қайта теңестіргенімен, матчтың тағдыры соңғы секундтарда шешілді. 90+1 минутта Мұртазаев жеңіс добын соғып, Семей жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.
ҚПЛ, 26-тур
«Елімай» — «Атырау» — 3:2 (2:1)
Голдар: Смыков, 2 (0:1). Свиридов, 26 (1:1). Плакка, 32 (2:1). Дорофеев, 56 (2:2). Мұртазаев, 90+1 (3:2).
Осылайша, «Елімай» маусымды 48 ұпаймен аяқтап, Еурокубокқа соңғы жолдаманы иеленді. Ал «Атырау» 19 ұпаймен турнир кестесінде 11-орынды иеленіп, Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды.