Эдмилсон: «Бұл гол иығымнан ауыр жүк түсіргендей болды» - бразилиялық шабуылшы голын отбасына арнады
Алматылық «Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Эдмилсон Қазақстан Премьер-лигасының 19-турында «Ұлытау» клубына қарсы кездесуден кейін жеңіс пен өз голының маңыздылығын атап өтті.
Ол ұзаққа созылған нәтижесіз кезеңнен кейінгі сезімдерімен бөлісті.
– «Бұл гол маған өте қажет болды. Сегіз матч бойы гол сала алмау психологиялық тұрғыда қиын тиді. Сондықтан бұл гол мен үшін ерекше маңызды. Мен оны әрқашан қасымда болған отбасына арнаймын. Олар мен үшін алаңдады, мен мұны сездім. Енді міне, гол салған соң, ішкі қысым кетті. Бұл тек бастамасы ғана – мен «Қайрат» үшін әлі талай гол соғамын деп үміттенемін», – деді Эдмилсон клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
2 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда өткен матчта «Қайрат» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Осы жеңістің арқасында команда 19 турдан кейін 43 ұпай жинап, чемпиондық үшін күресті жалғастырып келеді.