Драмаға толы жеңіс: «Ақтөбе» Конференция лигасында «Спартаны» тізе бүктірді
24 шілде күні Қобыланды батыр атындағы стадионда өткен Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта «Ақтөбе» футболшылары чехиялық «Спарта» клубын 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Мыңдаған көрерменнің қызу қолдауын артқа алған «қызыл-ақтар» ойынды өте қарқынды бастады. 29-минутта Вэтэжелудың шеберлікпен жеткізген пасын ұтымды пайдаланған Даниэль Соса есеп ашты - 1:0. Екінші таймда екі команда да бір-бірінің қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды, алайда 83-минутта алаң иелері кезекті рет жанкештілік танытып, Оралхан Өміртаевтың шебер голы арқасында есепті еселеді - 2:0.
Алайда матч драмасыз аяқталмады. Қосымша минуттарда төреші қонақтардың пайдасына даулы пенальти белгіледі. Велко Бирманчевич 11 метрлік соққыны мүлт жібермей, есепті қысқартты - 2:1.
Конференция лигасы. Екінші іріктеу кезеңі, алғашқы матч
«Ақтөбе» – «Спарта» (Прага) – 2:1 (1:0)
Голдар: Соса, 29 (1:0). Өміртаев, 83 (2:0). Бирманчевич, 90+1, пенальти (2:1).
Қақпаны «құрғақ» ұстау мүмкін болмағанмен, актөбеліктер Еуропа аренасындағы алғашқы қадамын сенімді жасады. Енді негізгі шешім 31 шілдеде Прагада өтетін қарымта кездесуде қабылданады.