Дидар Сыдықбек «Атыраудың» тұсаукесері туралы: Эксперименттерге уақыт жоқ
«Атыраудың» бас директоры Дидар Сыдықбек футболдан Қазақстан чемпионатының екінші айналымы алдында клубтың жаңа тізімі туралы айтты, деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.
26 маусымда Атырауда «мұнайшылардың» жаңартылған тізімінің тұсаукесері өтті. Жанкүйерлер назарына жаңа ойыншылар мен клубтың ҚПЛ екінші айналымы алдындағы мақсаттары ұсынылды.
«Ең қиыны - уәде беріп, оны орындау. Құдайға шүкір, бәрі біз ойлағандай болды. Бізге өткен маусымдағы барлық ойыншылардың 80 пайызы келді. Бұл жерде ең бастысы халықтың сенімі. Бұл біздің абыройымызды көрсетеді. Мақсатымызға жету үшін біз барлық ойыншыларды шақырдық. Эксперимент жасауға уақыт жоқ.
Бүгінгі салтанатты жиын маусым басында өтуі тиіс еді. Бірақ, өкінішке орай, күтпеген жағдайларға байланысты олай болмады. Бірақ біз бәрін дұрыс жасағымыз келеді, жанкүйерлерді ойыншылармен таныстырғымыз келеді. Біз ашық жұмыс істейтінімізді көрсеткіміз келді. Ең бастысы, жанкүйерлердің батасын алып, ҚПЛ-да қалу», - деді функционер.
«Атырау» чемпионаттың бірінші айналымын төрт ұпаймен соңғы орында аяқтады. Алғашқы турдағы «Елімаймен» ойын команданың жалғыз жеңісі болды. Команда тек қызыл қағаз саны бойынша көш бастап тұр.