Дебют кейінге шегерілді. «Хартс» Чесноковтың Шотландияға қашан келетінін айтты
Шотландиялық «Хартс» клубында жартылай қорғаушы Ислам Чесноковтың дебюті 3 қаңтарда «Ливингстонға» қарсы ойында болады деп үміттенген еді. Алайда, жаңа мәліметтерге сәйкес, бұл жоспар жүзеге аспайтын болды.
Чемпионаттың сенсациялық көшбасшысы бас бапкері Дерек Макиннес Қазақстан құрамасының ойыншысы клубқа тек 2 қаңтарда қосылатынын мәлімдеді. Бұл, әрине, оның алдыңғы жоспар бойынша дебют жасауына мүмкіндік бермейді.
Енді барлық күш Чесноковты 11 қаңтарда өтетін «Данди» матчына дайындауға бағытталады.
«Мен Чесноковты ақыры өзімізге алып келуге және оны жаттығу процесіне енгізуге мүмкіндік алғанымызға қуаныштымын. Ол сенбі күнгі матчта болады, бірақ, өкінішке қарай, алаңға шыға алмайды. Тіркеу, құжаттар және барлық ресми мәселелер келесі аптаның басында тезірек шешілсе екен деп үміттенемін. Сонда ол жексенбі күні «Данди» матчында алаңға шығуға дайын болады», – деді Макиннес.
Бұған дейін «Хартс» бас бапкері Чесноковтың «Ливингстонға» қарсы ойында дебют жасауы екіталай екенін болжаған еді.