Дастан Сәтпаев 10 турдан кейінгі КПЛ сұрмергендер жарысында көш бастады
Қазақстан Премьер-лигасының 10-туры аяқталған соң, маусымдағы үздік сұрмергендер тізімі жаңарды. «Қайраттың» 16 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев қазіргі таңда сұрмергендер жарысында жеке-дара көш бастап тұр. Ол «Оқжетпеске» қарсы өткен ойында (1:2) командасының жалғыз голын соғып, маусымдағы жетінші голын өз атына жазды. Бұл көрсеткіш Сәтпаевты турнирдің жеке көшбасшысына айналдырды.
Екінші орынға үш футболшы бірдей жайғасты - олардың әрқайсысы 6 голдан соққан: «Астана» ойыншысы Марин Томасов, «Оқжетпестің» жартылай қорғаушысы Даурен Жұмат және «Қайсардың» шабуылшысы Айбар Жақсылық.
Ал үздік бестікке «Тобылдың» сұрмергені Николай Сигневич кіреді - оның еншісінде 5 гол бар.
Айта кетейік, 10 турдан кейін турнир кестесінде «Ақтөбе» 25 ұпаймен көш бастап тұр.