Бұрынғы баспасөз хатшысы жастар құрамаларындағы бапкерлер жайын сынға алды
Қазақстан құрамасының экс-баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен елдегі жасөспірімдер құрамаларының бапкерлік құрамы мен шетелдік мамандардың рөліне қатысты өз ойын айтты.
BorodAbata.kz порталына берген сұхбатында Ермұхамед Мәулен ҚФФ жүйесінде отандық мамандардың бағаланбай отырғанын мәлімдеді.
«Менің білуімше, ҚФФ-ның техникалық директоры Геннадий Скуртул айына 10 миллион теңге жалақы алады. Осындай лауазымға лайық өзіміздің мамандар жоқ па? Әрине, бар, — деді Мәулен.
Сондай-ақ ол жастар құрамаларындағы жағдайға да алаңдаушылық білдірді:
«Неге қазақ ұлтының мамандарын жұмысқа алмайды? U-15, U-16, U-17, U-19, U-21 — осы бес құраманың ешқайсысында бірде-бір қазақ ұлтынан шыққан бапкер жоқ. Бұл – нағыз шовинизм», — деп кесіп айтты ол.
Бұл мәселе қоғамда қызу пікірталас тудырып жатыр. Көпшілік ұлттық құрамаларда қазақ мамандарына да орын берілуі керек деген ұстанымды қолдайды. Бапкерлер құрамын жасақтауда ұлттық баланстың сақталуы мен жас мамандарды қолдау – ел футболының дамуына да ықпал етері анық.