“Бұл келісім дәлелдейді…” Агент Ткаченко — Сатпаевтың “Челсимен” жасаған келісімі туралы
Футбол агенті Герман Ткаченко 16 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаевтың лондондық “Челси” клубымен келісімшартқа отырғаны туралы жаңалыққа пікір білдірді. Қазіргі таңда алматылық “Қайраттың” намысын қорғап жүрген жас ойыншының келісімі 2026 жылдың жазынан бастап күшіне енеді, сол кезде ол 18 жасқа толады.
“Біз Дастанмен өткен жылдың күзінден бері жұмыс істеп келеміз және 2024 жылдың соңына қарай оның трансфері бойынша келісімге келе алғанымызға мақтанамыз. Дастан кәмелет жасына толғанша Қазақстанда қалады.
Әрдайым айтып жүретінімдей, агенттердің рөлін асыра бағалаудың қажеті жоқ. Бұл – “Қайраттың”, оның академиясының, менеджментінің және, әрине, клуб президенті Боранбаевтың еңбегі. Ең маңыздысы – бұл Дастанның өзі мен оның отбасының жетістігі. Ол – талантты спортшы, қарапайым жігіт, әрі оның ата-анасы Талғат пен Мәдина әрдайым жанында”, – деді Ткаченко ресейлік “Чемпионат” басылымына берген сұқбатында.
Сонымен қатар, агент “Челси” Сәтпаевты қатарына қосу арқылы Еуропаның бірнеше клубымен бәсекелестікте жеңіске жеткенін айтты. Ол Дастанның мақсаткерлігі мен табандылығын да ерекше атап өтті.
“Бұл келісім таланттың, мақсатқа ұмтылушылықтың және еңбекқорлықтың кез келген уақытта және кез келген жерде өз жолын табатынын дәлелдейді. Жас та, география да, клуб та – тек сыртқы жағдайлар ғана, олар кедергі емес. АПЛ гранды 16 жастағы қазақстандық жігітке қызығушылық танытады дегенде біреулер сенімсіздікпен қарауы мүмкін, бірақ біз енді оның шындыққа айналғанын көріп отырмыз”, – деп түйіндеді Ткаченко.