Бельгия аэропортында Ұлттық құраманы қазақ жанкүйерлері қарсы алды
Қазақстан ұлттық құрамасы футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында маңызды кездесу үшін Бельгияға аттанды.
Бұл сапар ел үмітін арқалаған ойыншылар үшін ғана емес, сонымен қатар шетелдегі қазақ жанкүйерлері үшін де ерекше сәтке айналды.
Брюссель әуежайында ұлттық құрама ойыншыларын жергілікті қазақтар ерекше ықыласпен қарсы алды. Олар қолдарына көк ту ұстап, домбыраның қоңыр үнімен рух беріп, отандастарымыздың көңіл-күйін көтеріп тастады.
Бельгия мен Қазақстан арасындағы тартысты матч 7 қыркүйектен 8 қыркүйекке қараған түні өтеді. Астана уақытымен сағат 23:45-те басталатын кездесу J тобындағы жағдайға үлкен ықпал етуі мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы төрт турда үш ұпай жинап, топта төртінші орында тұр. Ал Бельгия үш матчта жеті ұпаймен үздіктер қатарында.
Айта кету керек, 4 қыркүйекте «Астана Аренада» өткен ойын барысында Әли Әлиевтің шәкірттері Уэльс құрамасына 0:1 есебімен жол беріп, жанкүйерлерін қуанта алмады.